Жыл басынан бері Алматыда 283 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Қазір жұмыстың 95 пайызы аяқталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл басынан бері Алматыда  283 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде қаланың шеткі аудандарындағы жолдың инфақұрылымын жақсартуға аса басымдық берілген. Қазір барлық жұмыстың 95 пайызы аяқталды. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынұлы «Жаңа Алматы» жобасы аясында жасалған жолдардың жай-күйімен танысып келді.

Алатау ауданының тұрғындары бірнеше жыл бойы жол азабын тартып, тротуарлардың жоқ екенін айтып, мәселе көтерген еді. Бұқара айтқан шағымнан кейін қала әкімдігі өткен жылы қызу іске кірісті. Ол үшін бюджетке түзету енгізіп, жол-көлік инфрақұрылымын жөндеуге қаражат бөлді. Нәтижесінде бүгінде аудан жаңа кейіпке енген. Көшеге жол төселіп, жарықтандыру мәселесі де шешімін тапқан.  

«Шүкір, қазір бәріне жетіп жатырмыз. Біраз жыл болды осының бәрі көз алдымызда өтіп жатыр. Жол түсті, ешқандай кем емес. Асфальтымыз бар, тротуар бар, арығымыз да бар», – деді қала тұрғыны Дариға Сокубашева.

«Бұрын бұл жерден аяғымызға целлофан киіп, орталық көшеге шағатынбыз. Асфальт болмаған. Қазір асфальтымыз бар, жарықтандыруымыз бар. Алатау ауданы әкімдігіне рақмет», – деді қала тұрғыны Лаура Әлимағанбетқызы,

Бүгінде ауданның 81 көшесіне тас жол төселген. Бұл жалпы ұзындығы 70 шақырым. Құрылыс жұмыстары 350 адамды еңбекпен қамтыған.  

Балдаурен мен Тойшыбек батыр қиылысында жыл бойына қарқынды жұмыстар жүргізілді. Су желілері мен кәріз жүйелері толығымен ауыстырылды. Кейіннен көшеге тас жол төселіп, аудан тұрғындары қазір соның игілігін көріп отыр. Өздеріңіз көргендей, қазір арнайы техника көше-көшені аралап, көлік пен жүргіншілер жолына құм мен тұз секілді инертті материалдарды сеуіп жүр.

Жыл басынан бері қала бойынша ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көше күрделі жөндеуден өтті. Қала әкімінің хабарлауынша, осындай ауқымды жұмыс әсерінен мегаполистің жол-көлік инфақұрылымы 80 пайызға дейін жақсармақ. 12 мердігер ұйым жасаған жұмысына 3 жыл кепілдік береді. Осы уақыт аралығында жол бұзылып, қандайда бір ақаулар табылса, мердігерлер өз қаражатына жөндеп беруі тиіс.

ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ

Алатау ауданы 81 көше, 70 км

Алмалы ауданы 19 көше, 15 км

Әуезов ауданы 51 көше, 28 км

Бостандық ауданы 53 көше, 25 км

Жетісу ауданы 26 көше, 23 км

Медеу ауданы 28 көше, 25 км

Наурызбай ауданы 33 көше, 19 км

Түрксіб ауданы 14 көше, 10, 4 км

«Басқарманың жоспары бойынша қала бойынша 283 көше жөнделді. Жосапрдан тыс қала тұрғындарының сұранысымен 2-кезеңі бойынша тағы 22 көше 16 шақырым, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір жұмыстың 95 пайызы аяқталды», – деді қалалық Мобильділік басқармасы бөлімінің бас маманы Өмір Қалыбаев.

Бұдан бөлек, қалада 3 көпірдің құрылыс жұмыстары қарқынды істеліп жатыр. Онымен бірге, жол жиегіндегі жүргіншілер жолы жөнделіп, жаңа аялдамалар салынуда.

Новости партнеров