Шаһарды алдағы жылдары орталықтандырылған сумен 100 пайызға қамту жоспарланған. Осы ретте Наурызбай ауданында инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымы жаңарып жатыр. 7 шағын ауданына жаңа су және кәріз құбырларын тарту жұмысы басталып кеткен. Сондай-ақ, қала аумағына кейін қосылған елді-мекендерге жол төселіп, көшелерді жарықтандыру қарқынды жүзеге асып жатыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
«Шұғыла» ықшам ауданына су және кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары биыл мамырда басталған. Жұмысты толықтай алдағы жылы тапсыру жоспарда тұр. Мұнда, сондай-ақ, 9 көшеге жарық шамдары орнатылған. Жалпы қалаға қосылған ықшам аудандарда 134 көшеге жарық бағандарын орнату көзделген. Қазір соның 30-ы электр жүйесімен жабдықталған. Ауданда 300-ден астам көше жарықтандырылады.
«Қазіргі уақытта 7 шағын ауданда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Су құбырының жалпы ұзындығы 181 шақырым, ал кәріз құбыры 85 километр. 7 ауданның 4-еуінде құрылыс бітеді, қалғаны 2021 жылға жоспарланған», – деді Наурызбай аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.
Сондай-ақ, «Тастыбұлақ» ықшам ауданында жап-жаңа құбырлар жүргізіліп жатыр. Су және кәріз жүйелерімен қамту 70 пайызға аяқталған. Ал, келесі жылы Ақжар, Құрамыс, Таужолы, Қарғалы, Жайлау ықшамауданына желілер тартылады. Оған қоса «Қарғалы» су стансасының құрылысы да қызу жүруде. Бәрі сәтті аяқталса, станса арқылы 38 мың үй ауыз сумен қамтылады.
«Бізде мынау суық судың мәселесі өте күрделі болатын. Судың келуі қысым аз, судың сапасы да нашар болатын осыған дейін. Енді міне осы судың сапасын арттыруға. Осы судың қысымының күшеюіне жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Қанат Байсалбеков.
Сонымен қатар, ауданда жол құрылысы да қарқынды жасалып жатыр. 57 көшеге тас жол төселіп, 147 көшеге осы жылғы жөндеу жұмысы жасалған. Ал, жұмысшылардың басым бөлігі «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы арқылы тартылған.
«Наурызбай ауданына газ келді, жарығымыз дұрысталды. Биылғы жылы көшемізге асфальт төсеп берді. Бұрынғыдай ойлы-қырлы жол емес, қазір жақсы жүретін болдық. Қыста көп қиналатынбыз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Айжарық Ерәлиев.
«Шын жүректен рахмет айтамыз. Жаңа жолмен жүру сондай күшті. Жедел-жәрдем де қазір бірден келетін болған», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Зарина Мәмбекова.
Ал Абай даңғылының ұзаруы көптен бері қала тұрғындарының арманы болған еді. Қазір даңғылды батысқа қарай созу жұмыстары қарқын алған. Әшімов көшесінен Наурызбай аудандық әкімдігінің ғимаратына дейінгі аралық 50 пайызға біткен. Жалпы Яссауи көшесінен бастау алатын даңғыл келесі жылдың аяғына қарай қолданысқа берілмек. Жолды салу үшін Наурызбай ауданының аумағына енетін 147 жер учаскесін сатып алу қажет болған еді.
«Сол 147-нің бүгінгі таңда 110-ы сатып алынды. Онда Абай даңғылы салынды. Енді қалған 30 жер учаскесі сатылуға дайын. 6 жер учаскесінің ісі сотта қаралып жатыр. Қалған бір учаскенің ісі қазір сотқа дейінгі процедураларды өтіп жатыр», – деді Наурызбай ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Нұрбол Бейсеков.
Ал бұл ауданда орналасқан Қонаев көшесі. Көлік жүргізушілерінің тынысын тарылтқан көшенің енді ені кеңіді. Қазір құрылыс жұмыстары 30 пайызға біткен. Мұнда барлығы төрт қатарлы көлік жолы, жиегіне тратуар мен веложолақ салынады.
Үмбетәлі Меймеш, Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы