Almaty TV-де жаңа маусым басталды

18.09.2024 20:35

Арнадағы мемлекеттік тілдегі төл туындыларының үлесі 88 пайызға жетті

Almaty.tv

Ширек ғасыр тарихы бар телеарна күзгі жаңа маусымын бастады. Әуелі өңірлік боп құрылып, республикалық деңгейге жеткен арна бүгінде міндетті телеарналардың тізімінде. Ал бүгін көрерменнің сүйікті арнасына айналып үлгерген «Алматы» телеарнасының эфирінде жаңа логотип

Бұл маусымды Алматы телеарнасы жаңа логотиппен бастады. Енді экран бұрышынан көретін логотип «А» әрпі жазылған жапырақты алма

пішінді. Ол Алматы қаласының символы алма бейнесіне ұқсайды. Ал жапырағында «TV» деп қысқартылып жазылған, жетілдірілген логотип.

Телеарна биыл мерейлі жылы көрерменге бір емес, екі телевизиялық маусым ұсынды. Бірі Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, ал бірі бүгін бастау алды. Соның аясында арна бас-аяғы 17 төл өнімін әзірледі. Күзгі телемаусым қалың қауымды музыкалық бағдарламалармен таңғалдырмақ. «Шырқа, Қазақстан!»,  «Дода» сынды жобалар еліміздің түкпір-түкпіріндегі таланттарды жинайды.

Арна ұжымының киносүйер қауымға да дайындаған тосынсыйы бар. Жақын күндері телеарна 8 телехикая ұсынады.

Айта кетейік, түрлі тақырыпты қаузайтын жаңа туындылар – арнаның төл өнімдері. Сондай-ақ көрермен көзайымына айналып үлгерген «Таңғы Studio», «Обо всем без купюр», «Алматинские истории» бағдарламалары жалғасын табады.

Жаңа телемаусымда арна алматылықтарды толғандырған мәселелердің бір жақты болуына ықпал етіп, мегаполистегі маңызды һәм өзекті тақырыптарға ден қояды. Сондай-ақ жаңа айдарлар мен жобалар әзірлеу жоспарланған. Бірі алып шаһардың өнеркәсіп саласын қамтыса, экскурсиялық-географиялық, әлеуметтік жобалар да жоқ емес.

Бұл маусымда жаңалықтар да жаңа бағытта жаңғырады. Халықаралық телеарналардың тәжірибесіне сүйене отырып, арна да өзге форматқа көшті. Күндізгі және қорытынды жаңалықтарда жүргізушілер түсірілім алаңында еркін қимылдап, хабарды көрерменге жылдам, нақты жеткізуге атсалысады.

Айтпақшы, арна ұжымы келесі жылдың жұмысшы мамандықтары жылы екенін ескеріп, түрлі сала қызметкерлерін халықпен таныстыратын жоба дайындап жатыр.

Соңғы екі жылдың ішінде көрерменнің арнаға деген қызығушылығы артқан. Орта есеппен алғанда, әр үшінші отбасы «Алматы» телеарнасын көреді. Демек, арнаның 4,2 млн көрермені бар. Ал мемлекеттік тілдегі төл туындыларының үлесі 88 пайызға жеткен.

Оқи отырыңыз: Almaty TV логотипін өзгертті және жаңа жобалар ұсынды