«Алматы» телеарнасы қалың көрерменге тағы бір жаңалығын ұсынады
«Алматы» телеарнасы 23 қыркүйектен бастап қалың көрерменге тағы бір жаңалығын ұсынады. Жаңа маусымда «Жақсының ізі» жобасы жарық көреді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бағдарламаға белгілі тұлғалардың ұрпақтары қонақ болып келіп, еркін сұхбат алаңында ұлылар туралы жарқын естелігін бөліседі, халық біле бермейтін қырын ашады. Жарты сағатқа созылатын сүбелі әңгіме барысында есімі көпке мәлім тұлғалардың жақындары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша да ой толғатады.
«Қазақ қашанда жақсылардың ұрпағы қазір не болды екен деген сауалға қызығушылық танытып жүреді. Біз сондай тұлғалар жайлы естеліктерді ұрпақтарының өз аузынан естіп, деректі сұхбат етіп жазып аламыз. Бұл маңызды», - деді бағдарлама авторы, жүргізушісі Қанат Тілеухан.
Бағдарламаның арқасында ұлы тұлғалардың болмысына тереңірек үңілуге мүмкіндік туады. Жобаның мақсаты – атақты жандар туралы тың деректер мен маңызды мәліметтерді таспалап, олардың портреттік бейнесін ұсыну.
Айта кетейік, бағдарламаға шақырылатын қонақтардың қатарында Жамбыл Жабаев, Бердібек Соқпақбаев, Төлеген Айбергенов сынды белгілі тұлғалардың ұрпақтары бар.
«Буын сабақтастығы, әке мен баланың қарым-қатынасы, барымыз бен жоғалтқанымыз қандай деген мәселелерді талқылап, ойыңды ашық жеткізетін хабар екен. Бұл жақсы бастаманың ізі сұйылма екен», - деді журналист, Ә. Сарыбаевтың ұлы Серік Әбікенұлы.
Оқи отырыңыз: Almaty TV логотипін өзгертті және жаңа жобалар ұсынды