Almaty.TV-де «Ақ келін» телехикаясы көрерменге жол тартты
Отыз минутқа шақталған туынды 16 сериадан тұрады
Almaty.tv-де «Ақ келін» телехикаясы көрерменге жол тартады. Отбасылық құндылықты, ағайын мен келіндер арасындағы қарым-қатынасты және ұлттық салт-дәстүрді арқау еткен туынды комедия жанрында түсірілген,
Телеарна тапсырысымен түсірілген комедиялық туынды ауылда тұратын бір отбасының тіршілігін баяндайды. Дәулетті ата-әже үш ұлы мен келіндерін жинап, дүние-мүліктерін бөліске салмақ ойлары барын жеткізеді. Алайда шаңырақ пен байлықтың кімге бұйыратынын уақыт көрсететінін айтады. Осыдан кейін сырт көзге тату көрінетін үш келіннің арасында бәсекелестік басталады. Күнделікті тұрмыстағы ұсақ-түйек біртіндеп үлкен тартысқа ұласып, ауылда күлкілі әрі күтпеген оқиғалар өрбиді.
«Бұл туынды ұнады. Несімен ұнады? Біріншіден, мәні, мағынасы бар, мазмұнды шығармалардың бірі деп ойлаймын. Адамгершілік, адами қасиет, парасаттылық сынды қасиеттермен қатар, әкенің балаларына деген деген таза махаббаты сипаталған. Үлкенге құрмет кішіге ізет деген сияқты адами құбылыстарды балаларының бойына сіңіру маңызды», – деді актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбай.
Отыз минутқа шақталған туынды 16 сериадан тұрады. Сценарий жазуға бірнеше адам жұмылдырылған. Ал, түсірілім жұмыстары Алматы облысында бір айға созылған.
«Бұл үйдің басты принципі «біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін». Сондай бір отбасыны көрсеткім келді. Бірақ бәрі тату болып тұрып, антагонист болып тұрса, қателік жасайтын адам болмаса тағы болмайды ғой. Сондықтан барынша сюжеттерді құраған кезде қиындық болды. Бірақ бар креативті қостық», – деді сценарий авторы Зарина Мүсілім.
Айта кетейік, «Ақ келін» телехикаясы «Алматы» телеарнасынан дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 23:00-де көрсетіледі. Күніне екі бөлімнен эфирге шығатын сериал 28 қазанға дейін жалғасады.
Олжас Омарбек, Ернат Болатбек