Сериалдың басты мақсаты – адал еңбекпен тапқан табыстың берекесі мол екенін көрсету
Аlmaty TV телеарнасында "Мәуелі бақ" сериалы қалың көрерменге жол тартады. Телехикая қаржы пирамидасының шырғалаңына түскен отбасы жайында баяндайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
"Мәуелі бақ" телехикаясы Исаевтар жанұясының қаржылық қиындықтары мен олардың адал еңбек арқылы бірігуін баяндайды. Басты кейіпкер Нұрлан вахталық әдіспен жұмыс істейді. Алайда отбасым таршылық көрмесін деген желеумен бар тапқан табысын «бизнеске» салып, керісінше, қарызға батырады.
«Бұл рөлге келетін болсақ, менің кейіпкерім сол пирамидаға қалай кіргенін білмей қалады. Дегенмен төрт баласы бар, әлеуметтік жағдайы төмен адам көп ақша туралы естігенде тез алданып қалуы мүмкін. Оның солайша пирамидаға кіріп кеткен жайы бар. Сонымен бірге таныстарын да кіргізіп, өзі де қарызға белшесінен батып, не қиындыққа ұшырайды», - деді актер Жеңіс Қыңырбеков.
Амалы таусылған отағасы ақша сұрап, атасына барады. Алайда Серік ақсақал зейнеткерліктен жинап жүрген ақшасын беруден бас тартып, адал нәпақа табудың жолын айтады.
"Қиындықтан қалай шығу керек екенін айтады, отбасында жанжал болған. Соның бәрін Серік ақсақал ретке келтіріп, еш күйбелеңдікке салынбай, ақылмен шешуге тырысады", - дейді актер Сағызбай Қарабалин.
Сериалдың басты мақсаты – адал еңбекпен тапқан табыстың берекесі мол екенін көрсету. «Мәуелі бақ» отбасылық телехикаясы 28 қазаннан бастап сағат 13:00-де Аlmaty TV телеарнасында көрермен назарына ұсынылады.
Еркебұлан Серікұлы, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Almaty TV жаңа сайтын ұсынды