Almaty.TV-де «Менің әкем» сериалы көгілдір экранға жол тартты

06.10.2025 20:42

Шаңырақтағы шынайы оқиғалар сипатталған туындыны дүйсенбі мен жұма аралығында көрсетіледі

Almaty.TV қалың көрерменге жаңа туынды ұсынады. Бүгіннен бастап «Менің әкем» сериалы көгілдір экранға жол тартты.

Телесериалдың басты кейіпкері – Бақытжан есімді жалғызбасты әке. Оның аялап өсіріп отырған үш қызы бар. Аты жаман аурудан жары қайтыс болған соң, отбасындағы бүкіл ауыртпалық соның мойнына түседі. Үлкенін оқуға түсіру үшін ауылдағы үйін сатып, қалаға көшіп келеді. Өзі такси жүргізушісі болып, ақша табуға тырысады. Алайда бұл – көп қиындықтың бірі ғана. Жаңа өмір бастаған қыздарының бастан кешкен оқиғалары, буллинг пен сатқындық – отбасы мүшелерін керісінше біріктіре түседі. 

«Үш қыз – үш түрлі образ. Әрбір семьяда болатын түрлі образдарды көтердік. Енді ойлаймын, бәріне жақын болады деп сериал. Әрбір сериясында бір оқиға болады. Көрермендер өзін де көретін шығар. «Қалай қиындықты шешуге болады?»  деп ойлайтын шығар», – деді қоюшы режиссер Еркін Сәтенов.

Үш қыздың үш түрлі мінезі секілді телехикаяда түрлі оқиғалар қатар өрбиді және онда бірнеше маңызды түйткілдер көтерілген. Авторлар кіші қызы арқылы мектептегі буллинг пен әлімжеттікті көрсетсе, күнделікті ақшаның қамы – өткір әлеуметтік мәселе. Ал сюжеттің шиеленіскен ерекше тұсы – басты кейіпкер мен көршісі Жанардың арасындағы нәзік сезім. Бұл эпизодтарда тек махаббат пен сенім емес, лудомания мен зорлық-зомбылық тақырыбы қозғалған.

«Кез келген образ жасау оңай емес. Мен – 3 қызды бағып көрмеген адаммын. Аллаға шүкір енді, 2 ұл, 2 қызым бар. Бірақ анасы бар. Ал бұл жерде сол анасы жоқ, 3 қыздың әкесі болу оңай емес. Жұрттар айтушы еді «үш қызы бар адам жұмаққа барады» деп. Оларды бағу, жақсы жерге тұрмысқа шығару, тәлім-тәрбие беру ер азаматқа, әкеге оңай емес», – деді бас кейіпкер Кенжебек Башаров.

«Осы сериалда менің есімім Маржан. Мінезін айта кетсем, ол – өте тәкаппар. Бірақ жүрегі нәзік. Адамдарға ойында не тұрады, соны айта салады. Сериалдағы кейіпкеріммен ұқсастығым өте көп», – деді актриса Малика Бораева.

Айта кетейік, көпшілік асыға күткен жоба драма мен комедия жанрында түсірілген. Он бөлімнен тұратын сериалдың алғашқы бөлімі бүгін сағат 12:40-та көгілдір экранға жол тартты. Енді қалың көрермен көп шаңырақтағы шынайы оқиғалар сипатталған туындыны дүйсенбі мен жұма аралығында тамашалай алады.

Аяулым Көлжігіт, Алмат Ілиясов

Оқи отырыңыз: Тұсаукесер: «Алматы» арнасынан «Қорықшы» телехикаясын көріңіз