Іс-шарада экологиялық бастамаларға айрықша көңіл бөлініп отыр
Биыл Алматыда алғаш рет «Plastex Qazaqstan 2025» халықаралық форумы өтіп жатыр. Іс-шара пластик пен химия өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық әрі технологиялық даму бағытын айқындамақ.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті санын үш күнге созылатын көрмедегі өзекті мәселелерге арналады.
Plastex Qazaqstan 2025 көрмесі – пластик пен химия өндірісіне қажетті жабдықтарды көпшілікке көрсетіп қана қоймай, саланың қоршаған ортаға берер оң әсерін арттыруды мақсат еткен. Мамандар табиғатты ластамауды негізі тақырыптардың бірі ретінде алып, нәтижесінде ауа сапасын жақсартуды, жаңа жүйелерді іске қосуды ойластырып жатыр. Көрмеге 44 ірі компанияның қызметкері келген. Қатарында Үндістан, Қытай, Өзбекстан сияқты мемлекеттердің өкілдері бар.
«Іс-шараның негізгі жаңалығының бірі – пластик және полимер индустриясы жөніндегі конференцияның өтуі болды. Пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Жиынға алпауыт компания өкілдері қатысты. Нарықтағы жаңа трендтер, экологиялық өндіріс, халықаралық стандарттар мәселесі талданды», – деді көрме директоры Гаухар Бекманова.
Іс-шарада экологиялық бастамаларға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, экоаймақта мамандар келушілерге тұрмыстық қалдықтың қалай сұрыпталатынын айтып, түсіндіреді. Ал еліміздегі үй мен кеңсеге қажетті заттарды дайындайтын жетекші компания қызметкерлері пластикті қайта өңдеуге болатынын іс жүзінде көрсетеді.
Кәсіпорын қызметкерлері тұрғындардан қабылдап алған пластиктен үйде және аулада қолдануға болатын бірнеше өнім түрін шығарады. Оның қатарында асхана жабдықтарынан бастап, қоқыс жәшіктері, гүл егуге арналған бұйымдар және сұйықтық құятын құтылар да бар. Ал қалдықты жинап, өңдеуге болатын шикізатты жинауға көмектесіп жүргендердің қатарында Recycle Birge қорының өкілдері бар.
«Экологиялық іс-шараларды қаланың түкпір-түкпірінде өткіземіз. Оған кем дегенде 2 мыңнан аса адам келеді. Қоқысты қайта өңдейтін зауыттармен де тығыз байланыс орнатқанбыз. Сондай-ақ бірнеше әлеуметтік жобаға қолдау көрсетеміз. Жануарларға арналған үйшіктер жасаймыз, қысқаша айтқанда, керексіз заттан пайдалы өнім шығару арқылы қоқыс алаңдарындағы жүктемені азайтамыз», – деді экобелсенді Кәмилә Әкімбекова.
Бағдарлама аясында бірнеше пленарлық отырыс өтті. Мамандар жинаған тәжірибе алмасып, ой қорытып, ұсыныстарын жеткізді. Табиғи түрде ыдырайтын биопластиктің пайдасын айтты. Ал көрмеде дәл осындай шикізаттан бұйым дайындап беретін 3D принтер көпшіліктің қызығушылығын оятты. Осылайша бұл форум Қазақстанның өндірістік болашағын айқындап берген стратегиялық алаңға айналып, серіктестік орнатуға, инновациялық шешімдер ұсынуға, экомәдениетті дамытуға үлес қосып жатыр.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: