Қала келбеті: алматылық ғалымдар тың жаңалық ашты

Ғалымдар зерттеу жұмысын бір жыл бойы жүргізген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауыл шаруашылығы қалдығынан да пайдалы өнім дайындауға болады. Алматылық ғалымдар тың жаңалық ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қант өнеркәсібін ілгерілету үшін шикізат өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеуі керек. Яғни, қызылша қоры жеткілікті болуы тиіс. Бірақ өнімді толықтай пайдаланып жүрміз бе? Ғалымдардың айтуынша, елдегі зауыттар шикізаттың 70 пайызын кәдеге жарамсыз деп танып, қоқыс алаңдарына жібереді. Алайда зерттеушілер сол қалдықтың өзінен де адам ағзасына пайдалы зат алуға болатынын дәлелдеді. Сәтбаев университетінің ғалымдары қызылша жомынан арнайы қышқылдың көмегімен тамақ өнеркәсібіне қажетті «пектин» қоспасын бөліп шығарған.

«Пектин сүт өндірісінде, кондитерлік тәтті тағамдар дайындауда әсіресе қанты аз жағдайда жақсы тұрақтандырғыш, қоюландырғыш болады. Сондықтан да ол – йогурт, қатық, айран, мармелад, джем өндірісінде кеңінен қолданылатын қоспа», – деді жоба жетекшісі Сана Қабдырахманова.

Сондай-ақ бұл зат адам бойында холестерин деңгейін де төмендетіп, реттеуге көмектеседі. Қызығы сол, мамандар қызылша қалдығынан қағаз өндірісінде және фармацевтика саласында қолданылатын микрокристалдық «целлюлоза» қоспасын да алады. Одан бөлек, қатерлі ісікті анықтауға көмектесетін сұйықтық дайындайды.

«Қант қызылшасының жомынан алынған көміртекті кванттық нүктелер, яғни, бұның алу процесі өте жеңіл. Жасыл химия қағидаларын сақтанады. Инновациялық әдістер арқылы өзінше ерекше флуоресценттік қабілеті бар жарықты шығара алатын карбондық кванттық нүктелер алып отырмыз», – деді жас ғалым Меруерт Иманбек.

Ғалымдар зерттеу жұмысын бір жыл бойы жүргізген. Енді бастаманы дамытуды көздеп отыр. Қолдау табылса нарыққа шығу да жоспарда бар.

Атап өтейік, тың жаңалық қоршаған ортаны ластамауға, экологиялық мәселені реттеу арқылы экономикалық көрсеткіштерді көтеруге бағытталып отыр. Демек бұл істе «Жасыл қала» қағидасын жүзеге асыруға көп мән берілген.  

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров