Қала келбеті: алматылық зейнеткердің ауласындағы мұз айдыны спортшыларды тәрбилеуде

79 жастағы зейнеткер Валерий Паршаков 40 жылдан бері мұз айдынын жасап келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 79 жастағы зейнеткер Валерий Паршаков 40 жылдан бері мұз айдынын жасап келеді. 750 шаршы метр аумақты қамтитын алаң бір мезетте 60-тан астам келушіні қабылдай алады.

Almaty.TV-дегі «Қала келбетінің» кезекті саны қыста ауласын мұзға айналдырып, балаларға қуаныш сыйлайтын шебердің еңбегіне арналады

Бұл мұз айдынының тарихы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастау алады. Зейнеткер 35 жасында қыздарына арнап үйінің ауласында шағын сырғанақ жасаған. Қарапайым бастама уақыт өте келе кеңейіп, үлкен мұз айдынына айналыпты.

Кейіпкердің айтуынша, тау-кен ісі мамандығын меңгергендіктен бұл шаруаны бастау қиын болмаған. Содан бері ол жыл сайын қыс мезгілінде су құйып, мұз қатырып, жылтыр алаңды өзі тазартады. Тіпті пластикалық құбырлардан балалардың қауіпсіздігіне арналған сырғымалар жасайды.

 «Алғашында балалармен бірге диаметрі кішкентай ағаштарды пайдаланып, құрылым жасап, су құйып амалдадық. Уақыт өте келе барлығы қалыпқа келе бастады. 2018 жылы әкімдік көмек қолын созып, хоккей алаңын толық жабдықтап алдық. 25 жыл бойы тегін болған, 2008 жылдан бері ақы төлейді», – деді қала тұрғыны Валерий Паршаков.

Қазір мұз айдынына кіру ақысы 1000 теңге. Жиналған қаражат коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге жұмсалады. Жалпы аумағы 750 шаршы метр болатын алаң бір мезгілде 60-тан астам адамды қабылдауға қауқарлы. Ерекшелігі – бұл жерде бірнеше буын өкілдері сырғанақ теуіп, қысқы спорт дәстүрін жалғап келеді.

«Күнде немеремді мұз айдынына әкеліп тұрамын. Осы жерде ойнағанды жақсы көреді. Жақсы болды балаларға. Алысқа ешкім кетпейді, өз алаңымызда жүреді әйтеуір, соған көп рахмет», – деді қала тұрғыны Айсара Мәлібекова

«Маған негізі коньки тепкен ұнайды. Әуезов ауданынан келеміз. Атамызға, мың алғыс. Мұз жақсы», – деді оқушы Әлихан Зікіров.

Қысы қысқа қалада қолдан мұз айдынын жасап, оны жылдар бойы күтіп-баптау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Алайда Орбита-1 ықшамауданының тұрғыны бұл міндетті абыроймен атқарып келеді. Жасы сексенге таяған қария 1983 жылы негізін қалаған мұз айдынында болашақ хоккей жұлдыздарын тәрбиелеуді мақсат етеді.

Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Қазақ спортының дамуына Алматының қосқан үлесі көп - сарапшы

 

 

Новости партнеров