Фестиваль халықаралық Жастар күніне орай ұйымдастырылып отыр
Алматыда Alma Love жастар фестиваліне 2 мыңнан аса алматылық қатысуда. Фестиваль халықаралық Жастар күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті шығарылымы фестиваль ерекшелігіне арналады.
Көтеріңкі көңіл-күй, креативке толы ойындар мен бағалы сыйлықтар. Бұл – Alma Love фестивалінің өзіне тән атмосферасы. Қазірдің өзінде іс-шараға қызыққан жандардың қатары қалың. Неге десеңіз, жастар онкүндігінің аясында Сайран көлінің маңайында мәдени нысандарға байланысты экоквест, тақырыптық көрмелер, тіпті, экологиялық науқан да ұйымдастырылып отыр.
Атап өтейік, мұндай бастамалар әлі шаһардың ондаған нүктесінде өткізілмек.
«Фестиваль 3 тамызда басталды. Алғашқыда би жарысы, сонымен қатар кеше промоакция болды. Ал бүгін – экологиялық күн, демек «эко вайб» деген жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Басты мақсаты – жастардың сүйікті Алматы қаласына деген қамқорлығымызды білдіру», – деді Еріктілер фронт-офисінің басшысы Бағдат Анарбаева.
Іс-шараның ең маңызды тұсы – келушілер пластик қалдықтарын өздері өңдейді. Одан бөлек, викториналарға қатысып, корнхолдан сайысқа түседі. Қызығы сол, ойындарға қажетті заттың көбі бөтелке қақпағынан дайындалған. Ал енді бір ерекшелік – фестивальде белсенділік танытқандарға экотиын үлестіріледі. Токендерді жеңіп алған тұрғындар оны кәдесыйға алмастыра алады. Осындай мазмұнды әрі мағыналы бастамалардың ортасында еріктілердің ерен еңбегі жатыр. Олар іс-шара қонақтарына бағыт-бағдар беріп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсене атсалысып жүр.
«Еріктілік мен үшін қоршаған ортаға, адамдарға көмектесу маңызды. Планетамызды жақсартуға үлес қосу – мақсат. Еріктілерге 15 жасымда қосылдым, бес жыл болды осы ортада жүрмін», – деді ерікті Аяжан Тоқтар.
Қала экологиясына пайдалы бастамаларды қоғам белсенділері де қолдайды. Олар мұндай фестивальдер мегаполистің көркіне көрік қосып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға жол ашатынын баса айтты.
«Бұл бағыттағы іс-шаралардың маңызы орасан. Соңғы жылдары еліміз айтарлықтай көркейіп, гүлденіп келеді. Барлық атқарылып жатқан іс тұрғындар үшін, олардың бойында құрмет пен аялап-күту қағидатын қалыптастыруымыз қажет», – деді қоғамдық кеңес сарапшысы Дмитрий Ковалёв.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатқан Alma Love фестивалі – жастарды жақсылыққа, табиғатқа жанашыр болуға жетелейтін жарқын жоба. Бұл іс-шара қала экологиясын жақсарту – міндеттелген шаруа емес, күнделікті әдетке айналуы тиіс әрекет екенін ұғындырып отыр. Бір қызығы, аталмыш бастаманың қарқыны күн өте үдеп келеді. Ал фестивальдің аяқталуына санаулы уақыт қалса да, экоқозғалысқа қосылып, жастармен бір толқында болуға әрдайым мүмкіндік бар.
Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы