Зейнеткердің еңбегі еленіп, аумақ бірнеше мәрте «Қаланың үздік ауласы» атанған
Алматыда 300 түрлі өсімдік өсетін аула бар. Шағын ғана жерді баққа айналдырып отырған сол маңдағы көпқабатты үйдің тұрғыны – Владимир Стариков.Зейнеткер бұл іспен 14 жылдан бері айналысып келеді екен. Азамат ең алдымен экология мәселесіне ерекше назар аударып, ауладағы түрлі мүсінді тұрмыстық қалдықтардан жасаған.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны оның табиғатты аялауға қосқан үлгілі еібегіне арналады.
Алматының Ратушный 100 мекен-жайындағы аула демалыс саябағын еске салады. Ондағы жүздеген өсімдік аумақтың көркін ашып, келбетін келтіріп тұр. Олардың арасында сәндік бұталар, сирек кездесетін лотостар бар. Жайқалған әр жапырақтың артында Владимир Стариковтың ерекше күтімі жатыр. Зейнеткердің еңбегі еленіп, аумақ бірнеше мәрте «Қаланың үздік ауласы» атанған. Ал мұндағы ертегі кейіпкерлерінің мүсіні тек жергілікті тұрғындарды емес, шетелдіктердің де назарын аудартады. Ал қоршауға жиырма мың пластик қақпақ қолданылыпты. Бұл – тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалануға болатынын көрсететін ерекше мысалдың бірі.
«Мен қаламды жақсы көремін! Оның әдемі, таза болғанын қалаймын. Жарықтандыруды күн батареяларынан жасаймын. Әдемі көрінетіндей, қоқыс тастамайтындай, таза болуы үшін бәрін бірден ойластырамын. Мұнда бәрі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жасалған», – деді қала тұрғыны Владимир Стариков.
Владимир Стариков бақты күтіп-баптауға жыл сайын өз қаражатынан 700 мың теңгеге жуық ақша бөледі. Бұл өсімдік сатып алып, аумақты көріктендіруге жұмсалады. Ал оның нәтижесімен зейнеткердің өзі ғана емес, бүкіл аула мақтанады.
«Бізде осындай адамның барына қуанамыз, алғыс айтамыз! Мұндай адамдар тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде көп болса, тынысымыз кеңейіп, экологиялық ахуал жақсарар еді. Айналамыз әдемі де болады», – деді қала тұрғыны Мұрат Мұқашев
Зейнеткердің сөзінше, суару жүйесі істен шығып, ол үшін біраз тер төккен. Жақын арада әкімдік олқылықты жойған. Енді ауланы күтіп-баптау ісі әлдеқайда жеңілдей түскен. Демек, ауланың көркі кіріп, ажары тағы да арта түспек.
Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: экологиялық бекеттерде күнделікті 40-50 көлік тексеріледі