Қала келбеті: «Халық қатысатын бюджет» жобасының қала экологиясын жақсатруға қосқан үлесі зор

28.08.2025 21:27

«Шұғыла» тұрғын үй кешенінде ұзындығы 350 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер аймағы «жасыл дәлізге» айналған

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қала келбеті көркейіп келеді. Бұл бастама арқылы тұрғындардың ұсынысымен жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылуда.

Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны демалыс орындарының қала экологиясына қосқан үлесіне арналды.

2023 жылы 1 гектарға жуық жерді алып жатқан демалыс орны пайдалануға берілген. Мұнда балалар мен ересектерге арналған түрлі алаңдар салынған. Сондай-ақ көгалдандыруға да ерекше мән берілген. Мәселен 400-ден аса ағаш пен бұта егіліп, 3 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылған. Сонымен қатар жауын суын бұруға арналған арық жүйесі де жүргізілген.

«Халықтың қатысуымен қараусыз қалған аймақта үлкен қоғамдық кеңістік орны салынды. Бұл кеңістікте спорт алаңдары, жаяу жүргіншілерге арналған алаңдар, балаларға арналған алаңдар салынды», – деді Наурызбай аудандық Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің бас инспекторы Ермек Қойшыбаев.

Ал Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» тұрғын үй кешенінде былтыр жаңа «арбат» ашылды. Ұзындығы 350 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер аймағы тек серуен құратын орын емес, нағыз «жасыл дәлізге» айналған. Мұнда қайың, жөке және қарағай ағаштары отырғызылған. Жалпы саны 500-ге жуық өсімдік айналаны ажарландырып қана қоймай, ауданның экологиялық ахуалын жақсартып, ауаны таза, ортаны жайлы ете түсуде.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылған жобалардың бірі – ол Шұғыла шағынауданындағы серуендейтін алаң. Бұл жерде жасыл желек отырғызылған. Жоба тұрғындардың көңілінен шықта. Себебі жұмыстан кейін серуандейді», – деді Наурызбай ауданы Ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас инспекторы Ақбаян Нұрланова.

Айта кетейік, мұндағы жасыл желекті сақтау үшін автоматты суару жүйесі орнатылып, жауын-шашын суын жинауға арнайы арық желісі жүргізілген. Ал кешкі уақытта жаяу жүргіншілердің жайлылығы үшін 10-нан аса жарық шамы орнатылған.

«Бұрын бұл жерге машина қоятын көше болған. Кейін балалар ойнайтын алаң салды, тал екті. Балалар ойнайды, кешкісін шамдары жарқырап тұрады. Сағат 23:00-ге дейін балалар ойнайды, үлкендер демалады. Таза ауа, демалыс орны тап-таза», – деді қала тұрғыны Тұрахан Батырханова.

Бүгінде қолға алынған осындай жобалар Алматыны шын мәнінде жасыл қалаға айналдырып келеді. Көшелер мен саябақтардағы сан түрлі ағаштар шаңды азайтып, оттегін бөледі. Ал тұрғындардың таза ауамен тыныстауына, қаланың көркіне көрік қосуына мұндай жасыл желек қажет.

Мәди Мәлік, Олжас Омарбек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыда 300 түрлі өсімдік өсетін аула барын білесіз бе