Құрылғы 5000 шаршы метр аумақта орналасқан 1000-нан аса өсімдікті суаруға қауқарлы
Көк күмбезді аспанмен астасқан Көктөбе төрінде табиғатқа жаңа дем сыйлар заманауи қондырғы орнатылды. Тың технологияның көмегімен, өсімдіктер аптап ыстықты оңай еңсереді, ал ауадағы зиянды заттар мөлшері едәуір азаяды. Құрылғы көктем, жаз, күз айларында іске қосылады. Қызығы, бұл жүйе Сауд Арабиясы мен Қытайда және тағы бірнеше елде жақсы дамыған.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны шаһар тынысын жақсартуға бағытталған бастамаға арналады.
Алматының символына айналған Көктөбеде ауа тазартқыш қондырғысы қойылды. Құрылғы 5000 шаршы метр аумақта орналасқан 1000-нан аса өсімдікті суаруға қауқарлы. Қарапайым әдістерге қарағанда суды 2 есе үнемдейді. Маңайда микроклимат қалыптастырып, ауаны зиянды заттан 80 пайызға арылтады.
Тың технологияның тағы бір ерекшелігі – аумақтағы ауаны кем дегенде 6 градусқа салқындатып, қала тұрғындарына жайлылық пен ыңғайлылық тудыра алады. Ал судың әр тамшысы дұрыс пайдаланылғандықтан, топырақ көшу қаупі жоқ. Жоба авторларының айтуынша, келешекте мұндай жүйелерді мегаполистің өзге де аймақтарына енгізу жоспарда бар.
«Қондырғы күніне екі уақыт іске қосылады. Таңғы мезгілде сағат 10:00-ден 11:00-ге дейін жұмыс істейді. Жасыл желекті 2,5 минуттан әр 6 минут сайын суарады. Бос уақыт аумақты толық тазартуға жұмсалады. Өскіндерге кері әсерін тигізбеу үшін түсте құрылғыны өшіріп қоямыз. Ал кешке сағат 19.00-ден 21:00-ге дейін қосылып тұрады», – деді Көктөбе демалыс саябағының маманы Ербол Әлімханов.
Қондырғы азаматтардың денсаулығын нығайтуға да септігін тигізеді. Адам өкпесін шаң-тозаңнан қорғап, ағзаны табиғаттың таза лебімен нәрлендіреді. Көктөбеден бастау алған бұл игі іс — қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Табиғатты аялау бағытындағы жұмыстар Медеу ауданында қарқынды жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде 400-ге жуық заңбұзушылық тіркеліп, қоқысты бейберекет тастаған екі жүзден астам азаматқа айыппұл салынған. Бұл – айналаға жауапсыздық танытқандарға берілген әділ ескерту.
«Табиғатты қорғау полициясымен бірге күнделікті санитарлық жағдайды қадағалаймыз. Қоқыс төккен компанияларды, жеке тұлғаларды тауып, тиісті шаралар қолданамыз. Хаттама толтырамыз, түсініктеме жұмыстарын жүргізіп, алдын алу шараларын жасаймыз», – деді Медеу ауданы экология бөлімінің басшысы Мұхамеджан Айтжанов.
Жақында қолға алынған экологиялық жоба Алматының ажарын арттырып қана қоймай, әр жанға сергектік сыйлайды. Ақылды жүйе толығымен автоматтандырылған. Қондырғы алыстан да басқарылады. Қазір құрылғы аспан асты елінде өндіріледі. Дегенмен тың технологияны келешекте Қазақстанда да жасап шығару көзделіп отыр.
Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: «Халық қатысатын бюджет» жобасының қала экологиясын жақсатруға қосқан үлесі зор