Жобаны Тәуекел Мүсілім мен танымал әзілкеш Жанболат Найзабеков жүргізеді
Кешкі уақытты көрерменмен бірге өткізетін «Кешкі Алматы» бағдарламасы жаңа маусымда қайта эфирге жол тартты. Биыл үшінші маусымын бастаған жоба бұрынғы ойын-сауық форматын сақтай отырып, сұхбатқа басымдық бермек. Сондай-ақ бағдарламаға жасанды интеллект мүмкіндіктері енгізілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жайлы әңгіме, қызықты ойын, тосын сауал. «Кешкі Алматының» жаңа маусымы көрерменге таныс форматты жаңа мазмұнмен ұштастырады. Студия төріне өнер, спорт, медиа және қоғамның түрлі саласында жүрген танымал тұлғалар шақырылады. Әр шығарылым бір сағатқа жуық жалғасып, сенбі сайын көрерменге жол тартады. Жобаны Тәуекел Мүсілім мен танымал әзілкеш Жанболат Найзабеков жүргізеді.
– «Кешкі Алматы» бағдарламасының биыл үшінші маусымы түсіріліп жатыр. Бұған дейін формат басқаша, ойын түрінде болды. Келген қонақтармен ойын ойнап, ән айтатынбыз. Ал бұл жолы сұхбатқа көбірек назар аудардық. Әріптесім Жанболат Найзабековпен бірге бағдарламаны жаңа форматта жүргізіп жатырмыз, – деді бағдарлама жүргізушісі Тәуекел Мүсілім.
Жаңа маусымда сұхбат түрлі айдар арқылы өрбиді. «Сұрағым бар», «Ғаламтор не дейді?», «Ескі жазба», «Шын ба, өтірік пе?» секілді бөлімдерде кейіпкердің көпшілік біле бермейтін қырлары ашылады.
Ал «Нейро-портрет» айдары жасанды интеллект мүмкіндіктеріне негізделген. Шығармашылық топ қонақтардың бала күнгі арманын анықтап, оны заманауи технологияның көмегімен шағын бейнероликке айналдырған.
– Бағдарламаға жасанды интеллект элементін қостық. Әрбір өнер адамының бала күнгі арманын жасанды интеллект арқылы жүзеге асырып, шағын бейнероликтер дайындадық. Қонақтар оны көргенде таңғалып, ерекше ностальгиялық көңіл күйге бөленді. Егер осы көңіл күйді әр сенбі сайын көрерменге де сыйлай алсақ, біздің миссиямыз орындалды деген сөз, – деді «Кешкі Алматы» бағдарламасының атқарушы продюсері Әйгерім Досым.
«Кешкі Алматының» жаңа маусымын көрермен әр сенбі сайын 20:00-де Almaty TV арнасынан тамашалай алады.
Мәди Мәлік, Хангелді Ахетханов, Almaty TV.