Дем: Almaty TV көрерменін жаңа туындымен қуантпақ

Мелодрама жанрындағы  телехикаяны 21 қазаннан бастап көре аласыздар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV көрерменін тағы да бір жаңа туындымен қуантпақ. «Дем» телехикаясы – дәрігерлер қызметінің маңызы мен мазмұнын түсіндіреді. Келесі аптадан бастап көпшілік назарына ұсынылатын телетуынды мамандыққа адалдық, еңбекқорлық сынды қасиеттерді де насихаттайды.

Телехикаяның басты кейіпкері – емханада жұмыс істейтін Меруерт. Оның өмірі шырғалаң оқиғаларға толы. Өз ісіне шын берілген дәрігердің бос уақыты да науқастармен өтеді. Шетелде білім алып келгендіктен эндоваскулярлық және микрохирургиялық оталарды да өзі жасайды. Сол себепті нейрохирургтың жеке өміріне назар аударатын уақыты жоқ.

"Мен – білікті маман, нейрохирургпын, әр науқасына жаны ашитын, жұмысына адал дәрігер. Рөль қаншама адамның өмірін құтқарып қалған маман ретінде қызықтырды. Батыл қыз. Ол – әрбір ота,  әрбір науқасы үшін ерекше жаны ашып, қобалжып, уайымдап жүретін кейіпкер, – деді актриса Динара Сунақ.      

Қарбаласқа толы күндердің бірінде Меруерт Еркін есімді кейіпкердің анасына ота жасайды. Алайда жігіттің жас дәрігерге деген көзқарасы өзгеше еді. Нейрохирургтың кәсіби қырына көңілі толмағандықтан Еркін шу да шығарып, жағдайды ушықтырып жібереді.  

"Адамдар дәрігерге сенбейбі. Менің кейіпкерім дәрігерлерді жақтыртпай, ұрсысып қалады. Амал жоқ, өзім де ауырып, дәрігердің арқасында аман қалам.  Көзқарасым өзгеріп, тіпті ғашық болып, дәрігерге үйленемін, – деді актер Қуаныш Құдайберген.

Сондай-ақ телехикаяда ақ халатты қамкөңіл жандардың қамқорлығы суреттеліп, өмірі мен күнтәртібі көрсетіліп, жұмысының қиындығы мен маңызы айтылады. Ал режиссердің сөзінше, туындының негізгі ойын адамгершілік, махаббат сынды қасиеттермен ұштастыру – басты міндет. 

"Дәрігерлер де құтқарушылар сияқты, бұл  мамандарға  жеңіл қарайтындар бар. Бірақ олай емес. Түсірілім барысында мамандардың кеңесіне сүйеніп, солардың нұсқауымен, ақылдасып, түсіріп жатырмыз", – деді режиссёр Мақсат Оспанов.

Мелодрама жанрындағы телехикая 10 бөлімнен тұрады. Әрқайсысы 30 минутқа шақталған. Көзі қарақты көрермен қызыққа толы телетуындыны «Алматы» арнасынан 21 қазаннан бастап тамашалай алады.

Рүстем Айткәрім, Дияс Махамбетов, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: «Шахматшы қыз» телехикаясының барлық бөлімін YouTube каналымыздан көріңіз

Новости партнеров