Қалың көрермен шытырман оқиғаға толы 10 бөлімнен тұратын телехикаяны 8 шілдеден бастап көре алады
«Алматы» телеарнасы жазғы маусымда қалың көрерменге тың тарту дайындады. 8 шілдеден бастап арнамыздың төл өнімі – «Қорықшы» телехикаясы көгілдір экранға жол тартпақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кинотуындыда ерекше қорғалуға тиіс аймақтарды көзінің қарашығындай сақтап жүрген қорықшылардың қиын әрі қым-қуыт қызметі көрсетіледі.
Қазақтың кең байтақ даласында ерекше қорғауды қажет ететін сұлу жер көп. Алайда, онда мекендейтін тіршілік иелеріне қастандық жасайтындар аз емес. Сол заңсыз кәсіптің жолын кесіп, броконьерлермен күресіп, қоршаған ортаның тазалығын сақтап жүрген қорықшылардың қиын қызметін көрсету – кинотуындының негізгі мақсаты. Телехикаяның Іле Алатауы баурайында, Алтынемел ұлттық паркі секілді әсем табиғат аясында түсірілуінің өзінде үлкен мән бар,- дейді режиссер.
«Сериалда экологиялық мәселелер де көтерілді. Көпшілікке туристік аймақтарды танытуға тырыстық. Табиғатты аялауды насихаттадық. Қазір қорықшылар өте аз екені рас. Ал қорғауды қажет ететін аймақтар көп. Сондықтан да олар бүгінгі күннің батырлары», – деді «Қорықшы» сериалының режиссері Андрей Авдеев.
Телесериалдың басты кейіпкері – Жігер есімді қорықшы. Броконьерлермен күрес жолында жұбайы қаза тауып, барынан айырылып қалады. Десе де, антына берік ол міндетін абыроймен жалғастырады. Осылай қиын қызметтің қыр-сырын ашу арқылы қалың көрерменге терең ой салдық деп үміттенеміз,- дейді актерлер.
«Меніңше, бұл — қазақ жерінің керемет табиғатын, құндылықтарын көрсетіп, соны аялау мен қорғау қажеттігін жеткізу. Жалпы, кино — тікелей тәрбиелеу құралы емес. Бірақ ол адамға, қоғамға ой тастап, белгілі бір сезім мен сана қалыптастыратын үлкен құрал», – деді актриса Ажарлым Мағзұм.
Айта кетейік, сериал «Алматы» телеарнасының төл туындысы. Ол - Мемлекет басшысы көтерген «экологияны жақсарту, флора мен фаунаны сақтау» жөніндегі мәселенің төңірегінде түсірілген. Қалың көрермен шытырман оқиғаға толы 10 бөлімнен тұратын телехикаяны 8 шілдеден бастап, күнделікті сағат 13:40-та тамашалай алады.
Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек «Алматы» телеарнасы