Қазақстандық кино қоры тағы бір тың туындымен толықты. Фильм «Синий кит» деп аталады. Әлеуметтік драма және криминалды триллер жанрында түсірілген бұл картинаның режиссері – Марат Құдайбергенұлы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Фильмнің сюжеті 2017 жылы елімізді елең еткізген «Синий кит» ойынынан зардап шеккен жасөспірімдердің қасіретті тағдырына негізделген. Оқиға желісі бойынша мектеп оқушысы қауіпті ойын құрбаны болса, енді бірі кенеттен жоғалып, із-түссіз кетеді. Дәл осы сәтте тергеуші Аружан тізбектелген қасіреттердің бетін ашуға тырысады. Әр кейіпкердің тағдыры – әртүрлі әлеуметтік мәселелерді қозғайды.
Айта кетейік, бұл туындыда рөлдерді атышулы жұлдыздар емес, өнер жолын енді ғана бастаған жас актерлер сомдайды.
«Актер болу – арманым. Негізгі бас кейіпкер болып саналамын. Кейіпкерімнің аты Ботагөз. Ол – өте мықты, құқығын білетін әйел. Өзінің балаларын жақсы көреді, көп қиындыққа ұшырайды», – деді актер Гүлбану Гүлбатырова
«Мен «Синий кит» фильмінде Альбина есімді кейіпкерді сомдаймын. Ол – ата-анасыз өскен, тағдырдың қатал сынағын ерте сезінген қыз, себебі әке-шешесі түрмеде отыр. Картинада мен батыл кейіпкер ретінде көрінемін. Қауіпті ойыннан құтылудың жолын іздеп, оның зиянын көрсетіп, бұл жолдың қателігін көрерменге жеткізуге тырысамын», – деді актер Дарья Саприна.
Бір жарым сағаттық бұл фильмнің сценарийі небәрі екі жарым айда жазылыпты. Еркен Губашев пен Михаил Уланов қалам тербеген шығармада аутизм, отбасылық зорлық-зомбылық, буллинг және жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу секілді өткір мәселелер көтерілген. Ал жаңа картинаның режиссері әрі продюсері Марат Құдайбергенұлы туындының дүниеге келуіне өміріндегі шынайы оқиға түрткі болғанын айтады.
«Фильмнің идеясы өмірімдегі шынайы оқиғадан туындады. Бір сәтте мен смартфонға шырмалып, виртуалды әлемнен шыға алмай қалдым, соның кесірінен цифрлық аутизмге душар болған баланы көрдім. Сол көрініс жүрегіме із қалдырып, қоғамға ой салар туынды жасауға жетеледі», – деді режиссер, продюсер Марат Құдайбергенұлы.
Жаңа фильмнің басты түсірілім алаңы ретінде Алматы қаласының прокуратурасы таңдалыпты. Бұл таңдау тегін емес екен. Себебі туындының жүзеге асуына тікелей қалалық прокуратура қолдау білдірген. Сондай-ақ жобаға Алматы арнасы да демеу көрсетіпті.
«Фильм Алматы қаласының прокуратурасының қолауымен түсірілді. Бұл –маңызды тақырыптардың бірі. Ол тікелей бәрімізге байланысты. Ол – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан да қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті –қауіп қатерге төтеп беру, алдын алу, балаларымыздың өмірін сақтау», – деді Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі Диас Ысқақ.
Айта кетейік, қоғамдағы маңызды мәселелерді арқау еткен туынды бүгіннен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Ал 13 қазаннан бастап «Алматы» телеарнасы бес бөлімнен тұратын телехикаяны эфирге ұсынып, көрерменді ерекше әсерге бөлемек.
Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Көктөбеде ауа тазартқыш қондырғысы қойылды