Ұлттық тестілеуден сәтті өткен педагог-психологтарға қосымша ақы төленеді

© Sputnik / Александр Кряжев
© Sputnik / Александр Кряжев
Жалпы білім беретін мектептерде 7 652 педагог-психолог жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Білім және ғылым министрлігі Сенат депутаты Дана Нұржігітованың педагог-психологтарды даярлау туралы жолдаған депутаттық сауалына жауап берді. Айтуынша, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша ақы төленеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі baq.kz-ке сілтеме жасап.

Министрлік мәліметіне сәйкес, жалпы білім беретін мектептерде 7 652 педагог-психолог жұмыс істейді.

Өңірлерде 1 876 психологиялық қызмет жұмыс істейді, онда 11 мыңнан астам маман қызмет атқарады.

«Білім беру ұйымдары Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес педагог-психологтің штат бірліктерімен қамтамасыз етіледі. 2021-2023 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында 97 672 млн теңге сомасына 1 535 педагог-психологтың біліктілігін арттыру жоспарланған. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша ақы төленеді (педагог-шеберге – 50%; педагог-зерттеушіге – 40%; педагог-сарапшыға – 35%; педагог-модераторға – лауазымдық жалақысының 30%-ы)» – деді БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жүйесін одан әрі дамыту үшін қолда бар деректер бойынша қосымша 6 900-ден астам педагог-психолог қажет. Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасының шеңберінде мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарына өзгерістер енгізу көзделген, бұл педагог-психологтер штатын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Жол картасы шеңберінде педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бойынша іс-шаралар көзделгенін атап өту қажет. Жергілікті деңгейде педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеуді және үйлестіруді қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік орталықтар жұмыс істейді. Педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бөлігінде министрлік шетелдік әріптестермен (UNICEF) және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында Психология, тәрбиелеу және тұлғаны дамыту орталығы құрылды. Орталықтың қызметі өңірлердің психологиялық қызметтеріне жетекшілік ететін барлық оқу-әдістемелік орталықты үйлестіруге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының педагог-психологтерін әдістемелік қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта министрлік орталықпен бірлесіп өңірлік оқу-әдістемелік орталықтар мен психологиялық қызметтердің жұмысын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде, сондай-ақ өңірлерде іс жүзінде іске асыру үшін Психологиялық-педагогикалық жүйенің мониторингі бойынша бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр.



Новости партнеров