Алтын Орда дәуіріндегі киімдер зертханада қайта жаңартылады

11.01.2024 14:59

Қазба жұмыстарынан табылған етіктің өкшесі мен табанынан басқа бөлігі толық сақталған

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Марғұлан университеті жанындағы археологиялық зерттеулер институтының мәдени мұраларды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зертханасының ғалымдары өткен жылы бірқатар тарихи мұраларды зерттеу және насихаттау жұмыстарына қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv  тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.  Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша Алтын Орда дәуіріне жататын Талмас ата кесенесінен табылған тарихи киімдерді реконструкциялау туралы жоба қолға алынды. Халықаралық зертханасының меңгерушісі Татьяна Крупаның айтуынша, Талмас ата кесенесінен табылған археологиялық жәдігерлер әлемдік археологиялық қауымдастық үшін маңызды тарихи олжа саналады (археолог А.Қасеналиннің ұлытау аумағындағы қазба жұмыстары нәтижесінде анықталған).

- Талмас ата кесенесі Алтын Орда дәуіріне жатады. Бұл Ұлытау аумағында орналасқан. Зерттеушілер осы кесенеде жерленген адамды Болған ана кесенесімен туыстық қатынасы бар деп байланыстырады. Ал оның шапаны бірнеше жылдан бері осында сақталған. Қазір сол шапан бойынша консервация (ұзақ уақытқа сақтау) жұмысы жалғасып жатыр. Өткен жылы Варшава университетінде (Польша) және Копенгаген университетінде (Дания) өткен халықаралық конференцияларда Қазақстан мен Украина аумағындағы Алтын Орда артефактілерін зерттеуге арналған баяндама жасадым. Сонымен қатар Болған ана кесенесінен табылған шапан туралы жеке баяндама жасалды. Талмас ата кесенесінен табылған материалдардың ішіндегі тағы бір ерекше жәдігер ол – ер адамның етігі. Оның айналасынан Талмас Ата кесенесінде жерленген адамның бейнесі бар деген тұжырымдама жасалған. Содан кейін ежелгі етіктердің көшірмесін жасау жұмыстары жүргізілді. Болашақта аталған жәдігерлерді консервациялау жұмыстары жоспарланып отыр, - деді Татьяна Крупа.

Қазба жұмыстарынан табылған етіктің өкшесі мен табанынан басқа бөлігі толық сақталған. Тіпті, сақталған бөліктерде қазіргі қазақ ою-өрнегіне өте ұқсас қызықты декорларды көруге болады. Татьяна Крупа мұны Алтын Орда дәуірінің технологиялары мен киім дәстүрлерінің сабақтастығы деп санайды.

Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар Индонезияда өткен робототехника чемпионатында жеңіске жетті