Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандықтар сессияны қашықтан тапсыра алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі YK-news.kz сілтеме жасап.
Қазақстанның РФ-дағы Елшілігінің ақпараты бойынша, 2021-2022 оқу жылында ресейлік жоғары оқу орындары аралық аттестаттауды Бірыңғай биометриялық жүйенің (ББС) көмегімен онлайн форматта өткізе алады.
«Бұл формат бакалавриат, специалитет және магистратура бағдарламалары бойынша оқитын студенттерге қолжетімді. Шешімді ЖОО басшылығы қабылдады. Онлайн сессия тапсыру үшін студенттің келісімі болуы тиіс. Мұндай формат студенттерге ЖОО-ға келмей-ақ сессияны қашықтан тапсыруға мүмкіндік береді», – деді елшіліктен.
ББС дегеніміз не? Бұл – биометриялық жеке деректерді жинау және сақтау жүйесі. Бірінші студенттер ББС жүйесіне тіркелуі тиіс. Емтихан басталар алдында олар прокторинг процедурасынан өтуі керек – камераның алдында кездейсоқ сандар тізбегін айту керек. Жүйе пайдаланушының мінез-құлқын бағалап, есте сақтайды және оны университеттің студенті ма, соны анықтайды. Бұдан әрі мәліметтер ЖОО-ға берілетін болады. Жеке басын растаған соң, студент емтиханға жіберіледі.