Биылғы оқу жылында Алматыда бірінші сыныпқа 32 мыңға жуық бала барды. Қала мектептерінде барлығы 317 мың оқушы білім алатын болады. Ағымдағы жылы бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Білім күні бірден сегіз жаңа мектеп есігін айқара ашты, олардың төртеуі – мемлекеттік. Бұл оқу орындары Мәдениет, Қалқаман, Саялы, Томирис шағын аудандарында орналасқан және 6600 орынға есептелген. Қалған төрт мектеп (1470 орын) жеке инвестиция есебінен салынды. Сондай-ақ, бүгінде №191, 146, 125 мектептерге жапсарлас құрылыс жұмыстары аяқталды, бұл оқушылар санын 875 орынға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Биылғы оқу жылынан бастап Алматы мектептері толығымен бір немесе екі ауысыммен білім алуға толық көшеді. Мәдениет шағын ауданында ашылған 1500 орынды мектеп қаладағы жалғыз үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Қалада барлығы 210 мемлекеттік және 91 жеке меншік мектеп жұмыс істейді.
Жыл соңына дейін бес мемлекеттік және екі жеке меншік мектепті пайдалануға беру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған оқу орындарының жанындағы үш қосалқы нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Биыл аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындау аясында жергілікті бюджеттен 847 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде Алматының 20 мыңға жуық оқушысы мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін «Жаппай оқыту» қорынан 43 мың теңге сомасында қаржы алды. Демеушілердің арқасында «мектепке жол шекарасыз жақсылық» республикалық акциясы аясында мұқтаж отбасылардан шыққан 4108 балаға жалпы сомасы 70,6 млн теңгеге көмек көрсетілді.