Наурызбай ауданында 1 қыркүйекке дейін 2 мектеп ашылады

18.08.2022 15:21

Жыл соңына дейін тағы 2 мектептің құрылысы аяқталады

иллюстративное фото, pricom.kz

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі жаңа оқу жылы басталғанша Қалқаман және Қарғалы шағынаудандарында 2400 орындық 2 мектеп ашылатынын айтты. 

"Жыл соңына дейін тағы 2 мектептің құрылысы аяқталады. Олар «Алма сити - 5» аумағындағы 1 200 орындық (90%, қазанда аяқталады) және Қалқаман шағын ауданы, Абай даңғылындағы 1 500 орындық (75%) мектептер. Сонымен қатар, Шұғыла шағынауданындағы «Әлем сити», «Алма сити - 4» тұрғын үй кешендерінің аумағында Qazaq Stroy 1 200 орындық 2 мектептің құрылысын салып жатыр. Келесі жылы 3-тоқсанда пайдалануға беріледі", - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, Құрамыс шағынауданындағы 1 200 орындық, Шұғыла шағынауданындағы 1 600 орындық 2 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге конкурс жариялау үшін құжаттар дайындалып жатыр. Құрылыс 2023 жылдың 2-ші тоқсанына жоспарланған.

"Шұғыла шағынауданындағы №174 мектепке 375 орындық қосымша құрылыс салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты алдымыздағы желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі жылы 2-тоқсанда бастаймыз", - деп толықтырды қала әкімі.