Жыл мұғалімі Дәурен Сағынғалиев: Тәрбие мәселесінен алшақтап кеттік

31.05.2021 15:25

Балаға шапағат, мейірім, адамгершілік сынды адамдық қасиеттің барлығын ауыл молдасы үйретеді

almaty.tv

2020 жылдың Алматы қаласы бойынша жыл мұғалімі Дәурен Сағынғалиев «Шынайы Ақберенмен» бағдарламасында қонақта болды. Тарих және құқық пәнінің мұғалімі Алаш азаматтарының еңбектері мен биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Биылғы оқу жылынан бастап бала мемлекеттік грантқа ие болу үшін оқушы екі рет ҰБТ тапсыра алады. Осы уақытқа дейін тек бір рет қана тапсырды, сол баллмен оқуға тапсыратын. Сәуірден бастап маусымның соңына дейін оқушы өзі уақыт таңдап, қалаған күнді белгілеп, екі рет тест тапсыра алады. Қай балы жоғары болса, соны мемлекеттік грантқа өткізе алады. Пандемия жағдайында осы мүмкіндікті ұтымды, дәл уақытында пайдаланып жатыр. Сонымен қатар, ҰБТ тәртібі қатаңдатылды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бейнебақылау, техникалық мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып жатыр, әділеттілік бар», – деді Д. Сағынғалиев.

Дәурен Сағынғалиев Алаш арыстарының өмірі мен еңбектерін зерттеп жүргенін айтты.

«Алашта» сүйсінетін дүние көп. Зерттеу кезінде Әлихан Бөкейхановтың 9 тіл білуі мені таңқалдырды. Ол Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Кейін заң мамандығын тәмамдаған. Әлихан Бөкейхановтың өз заманында 9 тіл білу, өзге тілдерде еркін сөйлеп, еркін жаза алуы мені тәнті етті. Оның ұлтты ұйыстырып, ортақ міндетке Алаш зиялыларын біріктіре алуы да оның мықты азамат екенін көрсетеді. Әлихан орыстың ояздарымен кездескен кезде «Мынау қазақты бейқам, тып-тыныш, ойсыз, алаңсыз, еріншек демеңіздер, қазақты тек оятып, қозғап жіберу керек» депті. Оның үстіне Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің ашылуына Алаш азаматтары үлкен ықпал етті. Ол Ташкентте білім алып жүрген кездегі туындаған ниет, аңсар ойлары еді», – деді педагог.

Сонымен қатар, Дәурен Сағынғалиев бүгінгі педагогиканың әлсіз тұсын да атап өтті.

«1917 жылы Орынборда 5-13 желтоқсанда 2-жалпы қазақ съезі өтеді, съезден кейін оқу коммисары болып Ахмет Байтұрсынов тағайындалады. Сол кезде Ахмет Байтұрсынов айтады: «Ең бірінші кезекте ауыл молдаларымен ақылдасып, шешім қабылдауымыз керек. Бәрі себебін сұрағанда: Балаға шапағат, мейірім, адамгершілік сынды адамдық қасиеттің барлығын ауыл молдасы үйретеді. Ал бұл қасиеттер баланың бойында болмаса, онда ол білім алдағы уақытта балаға зиянын тигізеді» дейді. Менің ойымша, қазіргі кезде педагогикада, бәлкім, біз тәрбие мәселесінен алшақтап кеттік», – деді ол.

Бағдарламаның толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.