Бостандық ауданындағы мектептерде орын тапшылығы қалай шешіледі

04.08.2022 15:34

Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты

Фото: ашық дереккөзден

Бостандық ауданындағы мектептерде оқушылардың орын тапшылығын азайту үшін жаңа корпустар салынды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«№146 лицей мен №191 мектепке 300 орындық екі қосымша корпус салынып бітті. 1 қыркүйекке дейін №125 мектептің 275 орындық жаңа корпусын пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ әкімнің айтуынша, келесі жаңа оқу жылының басында №9 мектеп-интернатының асханасы мен 120 орындық жаңа корпусын аяқтау жоспарланған.

«Құрылыс материалдары мен қызметтердің қымбаттауына байланысты шамамен 200 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізіліп жатыр. Қыркүйек айының басында сараптамадан өткеннен кейін қосымша қаражат бөлінеді. Осыған байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау мерзімі 2022 жылғы 30 қарашаға дейін ұзартылды. Сонымен қатар қала әкімдігі «Әділет» колледжі орналасқан 600 орындық №94 мектептің бір бөлігін сатып алған. Жыл соңына дейін балалар толыққанды мектепте оқиды», – деді Ерболат Досаев.