Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді
Келесі оқу жылы үшін жоғары оқу орындарына 73 мың, колледждерге 31 мың грант бөлінеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жалпы еліміздің кадр дайындайтын оқу орындарында қазір 1,1 млн астам студент білім алуда, орташа есеппен жыл сайын олардың 300 мыңы жұмыс нарығына шығады. Сапалы кадр дайындау үшін жұмыс ең басты 6 бағыт бойынша жүргіізлуде. Соның ішінде білімге қолжетімділікті кеңейту, академиялық еркіндікті кеңейтіп, менеджментті жетілдіру, білім беру бағдарламаларын жаңартып, жаңа бағдарламалар ашу, жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға тарту және сапаны қамтамасыз ету жүйесі бойынша жұмыс жүріп жатыр», - деді Білім министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Жоғары білімге қолжетімділік бойынша соңғы бірнеше жылда грант саны екі есеге асты. Биыл ең көп 73 мың грант қарастырылып отыр. Студенттердің стипендиясы да екі есе артты.
«Біз ҰБТ-ны цифрлық форматқа көшірдік және жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігін енгіздік. Бұл біздің талапкерлер үшін өте қолайлы жүйе. Оған қоса, 11-сынып бітірушілері шілдеде емес, қаңтар айынан бастап, оқуға шартты түсе алады. Бұл да өзге мемлекетке кетпеу үшін өте қолайлы шешімдердің бірі деп айтуға болады. Бірақ талаптар да күшейтіліп отыр, педагогика бойынша шекті балл 50-ден 75-ке дейін көтерілді. Медициналық бағыт бойынша – 70 және заң бағыттары бойынша – 75-ке дейін көтерілді», - деді А. Аймағамбетов.
Президент тапсырмасымен техникалық мамандықтарға грант үлесі 40 пайыздан 60 пайызға дейін көбейтілді.
«Колледждерде де оқу гранттары саны жыл сайын ұлғайды. Биыл олардың саны рекордтық 31 мыңға өсіп отыр. Оның 70 пайызы техникалық мамандықтарға беріледі. Колледждерде оқуға қолжетімділікті кеңейту үшін емтихандарды алып тастадық, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота беріледі. Ал гранттар баяғыдай әр колледжге бөлінбейді. Енді нақты талапкер студент тиісті грантты жеңіп алады, содан кейін ғана колледж таңдалады. Сәйкесінше бұл шара олардың бәсекелестігін арттырады», - деді Асхат Аймағамбетов.