Биыл Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толды

15.01.2024 15:32

Жоғары оқу орны халықаралық QS рейтингінде 230-орын иеленетін отандық жалғыз университет

Almaty TV

15 қаңтар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылған күні, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жоғары оқу орны халықаралық QS рейтингінде 230-орын иеленетін отандық жалғыз университет. Орталық Азия бойынша да өзінің көшбасшылық позициясын сақтап келеді. Әлемдік рейтингке ТМД елдерінен тек екі университет – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ топ 250-ге кіреді. Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы  QS Asia University Rankings бойынша да Азиядағы үздік және алғашқы 30 жоғары оқу орнының қатарында.

Білім ордасы «зерттеу университеті» мәртебесіне ие. 2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.

1934 жылы 15 қаңтарда алғаш 54 студентпен ашылған университетте қазіргі таңда 25 мыңнан астам білім алушы бар. 90 жыл бұрын физика-математика және биология факультеттері жұмыс істесе, қазір олардың саны 16-ға жетті. 1941 жылға дейін 14 білім бағдарламалары бекітілсе, 2023-2024 оқу жылында олардың саны 550-ден асты. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан дәріс оқыған аудиторияларда ҚР ҰҒА 11 академигі, ҚР Жоғары мектебінің 3 академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының – 8 академигі, 7 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі еңбек етеді. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD өз үлесін қосуда. Жалпы саны 3354 оқытушы-профессорлар құрамы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыруда.

Университет тарихында әр жылдардағы Ректорлар И.Лукьянец, Т.Тәжібаев, А.Закарин, Т.Дарқанбаев, Ө.Жолдасбеков, К.Нәрібаев, Т.Қожамқұлов, Б.Жұмағұлов және басқа академик ғалымдар өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінгі таңда оқу орнын филология ғылымының докторы, профессор, төтенше және өкілетті елші Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев басқарады.

2023-2024 оқу жылына 10 719 талапкер қабылданып, білім алушылар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 3000 ға артты. ҚазҰУ-дың 32 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. 80-нен астам әріптестік байланыс өткен жылы орнатылды. Әлемнің 54 елінен 3928 шетелдік студент білім алуда.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Сондай-ақ университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді.

2023 жылы Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің  филиалын ашу туралы келісілді. 12 қазанда филиалдың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы зертханалық сыныптар іске кірісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес,  ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөледі. Соңғы үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге өсіп, 8,5 миллиард теңгені құрады.

Қазіргі сәтте 290 гранттық қаржыландыру жобасы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 11 жоба, «Ғылым қоры» АҚ арқылы 1 коммерцияландыру жобасы және 47 бірлескен жоба жүзеге асуда. Сонымен қатар 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобалар қолға алынған.

2023 жылы ҚазҰУ ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды. Үш жылға жоспарланған жобада Батыс Қазақстан өңірінің табиғи қорларын тиімді пайдалану, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау, экологиялық дағдарыстардың алдын алу мәселелері талданады.

Университеттің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымының докторы Меруерт Құрманбаева елімізде тұңғыш рет көпжылдық бидайды шығару әдісін ойлап тапты. Көпжылдық бидайды бір рет қана егіп, 5-6 жыл қатарынан өнім алуға болады. Қазіргі сәтте ғылыми жобаға патент алынып, нарыққа шығару жұмыстары жүргізілуде.

Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Әлмира Құстыбаеваның ұсынысымен Ми институты құрылды. Ми қатпарлары мен адам санасының мүмкіндіктерін тануға талпыныс елімізде бұрын-соңды болған емес. Ми институты айналысатын ғылыми зерттеулер есте сақтау процестерін жеңілдетуге, мінез-құлық ауытқушылығын түзетуге, қартаю кезінде зейіннің нашарлауының алдын алуға көмектеседі.

Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарлануда.

ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсетеді.

Бұдан бөлек, ҚХР үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 110 триллион операцияны (110 Тфл) жүзеге асыратын суперкомпьютер  орнатылып, деректерді өңдеудің бірыңғай орталығы құрылады.

Ал химия және химиялық технология факультеті гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығын ашты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылған орталықта металдарды өңдеудің жаңа технологиясы ұсынылады.

Қазіргі ҚазҰУ қалашығының бой көтеріп, қалыптасуына мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев айрықша үлес қосты.  1971 жылдың сәуірінде мемлекеттік университеттің бас ғимараты қаланып, ҚазМУ кешені құрылысының І кезегі басталды.

2024-2027 жылдар аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі салынады. Әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк жоспарланған.