Жыл соңына дейін екі мектеп ашылады
Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы халқымен кездесуінде ауданда оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылына 2 мектеп, оның ішінде: Қалқаман шағынауданында 1 800 орындық және Қарғалы шағынауданында 600 орындық жеке меншік мектеп ашылды.
"Жыл соңына дейін тағы 2 мектеп ашылады. Атап айтқанда, қараша айында Қалқаман шағынауданында 1 500 орындық және желтоқсанда «Алма Сити – 5» аумағында 1 200 орындық мектеп ашылады", - деп мәлімдеді әкім.
Сонымен қатар Шұғыла шағынауданында Qazaq Stroy компаниясы «Әлем Сити» (дайындығы - 60%) және «Алма Сити – 4» (10%) аумағында 2 400 орындық 2 мектеп салып жатыр. Құрылыс 2023 жылдың III-тоқсанында аяқталады.
"Жыл соңына дейін Шұғыла шағынауданында № 174 мектепке 375 орындық қосымша құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жіберілетін болады. Сараптама қорытындысы шығып, конкурстық процедуралар аяқталғаннан кейін 2023 жылдың II-тоқсанында құрылысын бастау жоспарланған", - деді мегаполис басшысы.
Құрамыс шағынауданындағы 1 500 орындық және Шұғыла шағынауданындағы 2 000 орындық 2 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2023 жылдың I-тоқсанында мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Құрылысы 2023 жылдың III-тоқсанында басталады.
Сондай-ақ Шұғыла шағынауданындағы ескі №15 мектеп-интернат және «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенінің аумағындағы 2 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге конкурс жариялау үшін құжаттама дайындалып жатыр.