Ана тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, академик-ғалым Рәбиға Сыздық 96 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Қазақ тілтанымының кемеңгері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сәтіғалиқызы өзінің саналы ғұмырында төл тілімізді тереңінен зерттеп, орфографиясы мен орфоэпиясына көптеген кітап арнаған мерейі үстем ұлы ғалым еді. Абыз жасына жеткен белгілі тілші-ғалым, түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі 130-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 9 монографиясы мен оқу құралы бар.
«Оқытушылық деген дүниедегі ең жақсы мамандық. Әрине, қиын. Төлейтіні аз. Соған қрамастан, ең жақсы мамандық қой. Бұндай жұмысты дұрыс ұйымдастыру, оңай шаруа емес. 95 жыл өмір сүріп, нені білдің дейсіздер ғой. Осындайды білдім, ненің оңай, ненің қиын екенін. Мына 95-ке келдіңіз деп қуанып жатырсыздар ғой. Енді 1-2 жылда кетіп қлмауға тырысармын енді», – деді ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық
Осыдан дәл бір жыл бұрын өзінің 95-жылдық мерейтойында осылай деген ұстаз өмірінің соңғы күндеріне дейін қаламын қолынан тастаған емес. Ұлы тұлғалардан дәріс алған академик, өнегелі ғұмырында жүздеген білімгер тәрбиелеген. Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде мүйізі қарағайдай ғалым атанған шәкірттері Рәбиға Сыздықова ана тілінің шын жанашыры болғанын айтады. Ғалымның ғылымдағы ғұмырында Алаш арыстарын ақтап алу бақыты бұйырыпты. Мұхтар Әуезовтен бата алған қаршадай қазақ қызы білімнің, ойының озықтығының арқасында, сындарлы сәттерден сүрінбей өте білген. Осылайша, қазақ тіліне деген зор сүйіспеншілігі сол, бүгінгі күнгі қазақ тілінің мәселелерін қозғап келді. Тіпті, еліміздің латын графикасына көшуге қатысты мақалаларын да жариялаған.
«Рекең өте жұмсақ еді, өте бір кірпияз еді, өте мәдениетті еді. Бірақ, тілге келгенде, ұлттық мүддеге байланысты мәселелерге келгенде тастай қатты еді. Ешқашан қазақи позицияны ешкімге бермейтін еді. Біздің көне қазақ тілі ең жоғары деңгейде қандай болды деген мәселелерді қолға алып жатырмыз. Осылардың бәрін кезінде бастаған тыйым салынған кезде коммунистік идеологияның қылышынан қан сорғалап тұрған кезде Рәбиға апай қоймай, қазақ тілінің тарихы орта ғасырдан басталады деп, қомақты монографиялар жариялаған. Бұл ерлік еді, ерлік», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президентінің міндетін атқарушы Ерден Қажыбек
Рәбиға Сәтіғалиқызы, небір нәубет заманды бастан кешірсе де, оның намысқой болуының арқасында ғылымда зор жетістікке жете білген тұлға. Кез-келген бастаған дүниесін бас-аяғы толық меңгеруді мақсат еткен Сыздық Рәбиға “Абай шығармаларының тілі” тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтиккалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV - XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, тарихи лексика, тіл мәдениеті салаларына арналған. Осындай құнды еңбектер жазып, ұлттық құндылықты дәріптей білген ұстаз көпшілікті даналығымен тәнті еткен.
«Қазақ елі, қазақ тіл танымы, қазақ ғылым үлкен ғалымынан айырылды. Өзінің саналы ғұмырын тек қана ғылымға, тілге арнаған абыз ананың ұлы мұрасы қазақ халқымен мәңгі жасамақ. Рабиға апайдан біз мынау өмірдегі жұмбақтың сырын іздедік, апайдан адалдықты үйрендік, ізгілікті үйрендік. Ұлы ұстазымыздың жарқын бейнесі қазақ елінің, қазақ ұрпағының жадында мәңгі сақталмақ», – деді Р.Сыздықованың шәкірті, филология ғылымдарының докторы Қалбике Есенова
Рәбиға Сыздық Кеңес үкіметінің құйтырқы саясаты кезінде қазақ елі өзінің тарихы былай тұрсын, ана тілін ұмыта бастаған сәтте, ұлтымыздың жанын сақтап қалу үшін талмай еңбек еткен ұлы ұстаз дейді шәкірттері. Көпшілік алдында еркін, қатесіз сөйлеуді үйреткен, түрлі қазақи терминдерді енгізіп, төл тілімізде тілдесудің тетігін тәптіштеп түсіндірген академик болды. Сөз құдіретін ұғынықты тілмен жеткізген тіл жанашырының есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын болады.