Алмалы ауданында жаңа жайлы мектеп салынады

31.01.2024 16:02

Бұл туралы қала басшысы Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде айтты

elements.envato.com

Халықтың өсуін ескере отырып, Алмалы ауданында оқушы орындарының тапшылығын одан әрі төмендету үшін мектептер салу бойынша жоспарлы жұмыс іске асырылуда. Ауданда оқушы орны тапшылығының көрсеткіші Алматы бойынша ең төмен. Бұл туралы қала басшысы Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ Алматы әкімі "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алмалы ауданында өткен жылдың соңында Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында 1,5 мың орындық мектеп құрылысы басталғанын хабарлады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2024 жылдың соңында аяқтау жоспарлануда, деп атап өтті Ерболат Досаев.

2024 жылдың екінші тоқсанында Алматы қаласының Алмалы ауданындағы №16 мектеп жанынан 300 орынды және №58 мектеп жанынан 576 орынды қосалқы нысандардың құрылысы басталады.

"2023 жылдың қарашасынан бастап №136 мектеп-гимназияны күрделі жөндеумен сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде, ол 2024 жылдың қазанында аяқталады. Сондай-ақ 2024 жылдың 3-тоқсанында №134 және №135 мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда", - деді Алматы әкімі.

Бұған дейін Алматы әкімдігінің жобалық офисінде атап өткендей, 2025 жылға дейін мегаполисте 37,1 мың орынды 22 мектеп іске қосылады.

Оқи отырыңыз: Алмалы ауданында 300 орынды жаңа балабақша салынады