Қазақстанда оқулықтар қашан электрондық форматқа көшіріледі

07.03.2023 16:07

Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты

Abai.kz

2024 жылы мектеп пәндері 100 пайыз электрондық форматқа көшіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Сонымен қатар виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізілуде. Электрондық оқулықтар әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспа атсалысты. Пәндерді электрондық оқулықпен 100 пайыз қамту 2024 жылға жоспарланған. Педагогтер үшін электрондық оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемесі әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды», – деді ол.

Министр электрондық оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылатындығын айтты.

«Қазіргі күні 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. 2023 жылдың басынан бастап цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім ресурстарында барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған», – деді министр.

Оқи отырыңыз: Алматы облысының тұрғындары мектеп салуды талап етті