Қазақстанда оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасы алынып тасталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.
«2020 жылдан бастап оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедуасын (ОСЖБ) өткізуді алып тастауды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігінің қазіргі деңгейінде енді ОСЖБ өткізудің еш қажеті жоқ деп есептейміз. Биыл оны алып тастау үшін заңнамалық нормаларды қабылдау қажет», - деді министр.
Сонымен бірге, министр биыл педагогикалық мамандық түлектерінің ұлттық біліктілік тестілеуінен өтетінін жеткізді.
«Биыл өз еркімен модератор санатын және жоғары жалақы алғысы келетін педагогикалық мамандықтардың түлектері ұлттық біліктілік тестінен өте бастайды. Диплом алуға бұл еш әсер етпейді. Бірақ болашақта педагогикалық мамандық түлектерінің барлығы ұлттық біліктілік тестін тмпсыруға міндеттеледі. Мұндай міндеттеуді енгізбестен бұрын кең талқылап жатырмыз», - деді БҒМ басшысы.
Ол былтыр құрылған «Академиялық адалдық» лигасы туралы да айта кетті.
«Бұл ЖОО көтерген бастама болды. Бүгінде біз мұның дұрыс шешім екенін және академиялық адалдық лигасына кіретін ЖОО-лар жоғары білім беруде реформалар жүргізуді ілгерілетудің негізі болатынын көріп отырмыз. Ең алдымен олардың пікіріне құлақ асамыз», - деді Сағадиев.