Алматыда EdCrunch Reload 2022 халықаралық конференциясы басталды

Алматыда EdCrunch Reload 2022 халықаралық конференциясы басталды
Іс-шараға 25 елден 350 сарапшы қатысқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы 5 жылда Қазақстан білім саласында үлкен академиялық хабқа айналуы мүмкін. Бірақ ол үшін елімізде керекті технологиялар жедел енгізіліп, отандық студенттерге шетелдік білім қолжетімді болуы тиіс. Бүгін бұл туралы EdCrunch Reload конференциясында айтылды. Ең ауқымды деп саналатын халықаралық жиын биыл Алматыда екінші жыл қатарынан өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ақыл-ой мен технологиялардың тоғысуы» деп аталған халықаралық конференция бүгін Алматыда өз жұмысын бастады. Мұнда отандық және шетелдік сарапшылар оқытуды трансформациялау, ынтаны арттыру, нейробиология мен түрлі цифрлық технологияны енгізу төңірегінде ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Конференцияның ашылуына қатысқан шаһар басшысы Ерболат Досаев өз алғы сөзінде қала әкімдігі форумға қолдау көрсетуге және адами капиталды дамытуды тұрақты түрде талқылау үшін пікірталас алаңын ұсынуға дайын екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көздегендей «еңбегіміз өнімді әрі берекелі болуы үшін біз білімпаз болуымыз керек». Бүгінгі кездесу, пікір алмасу – көптеген жобалардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттер туралы пікірталасқа қатысу әрқашан пайдалы», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев

Сарапшылар халық санының өсуі білім саласына едәуір күш түсіретінін айтты. Конференцияға қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі бұл қысымға төтеп беру үшін студенттердің оқу орындарына қолжетімділігін сақтау маңызды деп есептейді. Ол үшін министрлік гранттарды көбейтудің орнына сараланған гранттар моделін ұсынбақ. Яғни гранттар 100 пайыз берілмейді, 50-70-80 пайыз деп бөлініп үлестіріледі.

«Мысалы қазір ҰБТ-ның ұпайына байланысты грант береміз. 120 балл алған бала да толық грант алады, 50 балл жинаған бала да грант алады. Негізінде әділетті емес. Ол ақшаны біз бөліп-бөліп беруге, яғни сараланған гранттарды береміз. Екіншіден, төмен 2-3 пайызбен несие моделіне қайтып бара жатырмыз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек

Сондай-ақ министрдің айтуынша, елде академиялық инфрақұрылым ақсап тұр. Үлкен кампустар салу қазір тиімсіз, сондықтан елімізде әлемнің үздік оқу орындарының кампустарын ашып, шетелдік білімді Қазақстанда да алуға мүмкіндік жасалуы тиіс.  Егер бұл бағытта дұрыс шаруа атқарылса министр «алдағы 5 жылда Қазақстан үлкен академиялық хабқа айналуы мүмкін» деп атап өтті.  Іс-шара аясында отандық сарапшылармен қатар әлемнің 25 елінен 300-ден аса спикер балалық шақтағы, мектептегі, жоғары білім беру сияқты бағыттарда тәжірибесін бөлісті.

«Балалардың стреске, түрлі жағдайға тез бейімделетін, шыдамды болып өсуі маңызды. Әсіресе ғылымға ынталандыру – өзекті мәселе. Бізде Ұлыбританияда балалар өздеріне қызық болған кез келген сұрағын қоюға дағдыланған. Олар ішкі түйсігіне сүйеніп, өзі қалаған платформада оқи алады. Бұл балада бар потенциалды ашуға жол ашады. Біз жобамызда ұстаздарға сол қабілетті ашу жолдарына мән береміз», – деді Лондон университетінің нейробиология профессоры бо Лотто


Білім саласында жаңашыл идеялар мен әдістерді енгізумен айналысып жүрген отандық сарапшылар да жоқ емес. Мәселен білім беруді тұрақты дамыту қоры ауылдардағы мектептерді жетілдіру жобасын қолға алған. Бүгінде оған 17 облыстан 22 мектеп қатысады. Яғни 17 мың бала заманауи технологиялармен қамтылып, 2,5 мың ұстаз білім берудің озық үлгідегі әдісіне қанық болады.

«7 бағыт бойынша жұмыс атқарамыз. Негізгі екі бағыты бар. Біріншісі, толық материалдық-техникалық жабдықтауын жаңартамыз, неше түрлі құрал-сайманын ауыстырып береміз. Екінші, ұстаздардың біліктілігін арттыру. Оның барлығы жарты жылда интенсивті түрде өтеді. Кейін бұл мектеп Назарбаев зияткерлік мектебінің әдістемелік қолдауына, үш жылдық жоспарына өтеді», – деді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Биылғы конференция онлайн және офлайн форматта 20 мыңнан аса адамды қамтымақ. Іс-шара ертең де жалғасын табады. Жиында айтылған педагогтар мен ұжымдардың, түрлі сарапшылардың пікір-ұсыныстары жинақталып, еліміздің білім саласындағы стратегиялық құжатына енгізілмек.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Ғани Қалуовғ «Аламты» телеарнасы

Новости партнеров