ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұлының мектеп формасын қайдан және қанша теңгеге алғанын Facebook парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министр ұлының мемлекеттік мектепте оқитынын және оқу жылына басқа ата-аналар сияқты дайындатынын жазды.
«Жексенбі күні ұлым екеуіміз «….» дүкенінен 36 000 теңгеге жейде, костюм, шалбар және галстук сатып алдық», - деп жазды министр.
Сонымен қатар министр сатып алған заттарының түбіртегін де салды. Түбіртектен заттардың құнын және оның жалпы сомасын есептеп көруге болады. Бір түбіртекте сома 26 мың теңге (Пиджак. Шалбар. Жейде). Екінші түбіртекте – 10 мың теңгеден жоғары (тағы бір жейде мен галстук). Жалпы сомасы 36 мың теңгеден асады. Портплед шамамен 20 мың теңге.
"Бұрын сатып алынған мектеп формасы барын да айтқым келеді. Яғни былтырғы киімдерін балам биыл да киеді", - деп толықтырды министр.
Сондай-ақ министрліктің 475 мың мұқтаж балаға мектеп формасын сатып алуына қаржылай көмек көрсету шараларын қадағалап отыратынын айтып өтті.