Аталған мектеп биыл «Үздік ұжым» номинациясы бойынша 24 млн теңгенің грант жеңіп алған болатын
Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған мектеп гимназиясы да күміс қоңырауын соқты. Биылғы 2019-2020 жылғы оқу жылында аталған білім ошағы 154 бүлдіршінді құшақ жая қарсы алды. Айтулы мерекеде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров арнайы өзі келіп құттықтады», деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен оқу жылын ойдағыдай қорытындылаған аталған білім ошағы «Алматы қаласының орта білім беретін үздік ұйымы» грантын жеңіп алған болатын. Кітап – білімнің қайнар бұлағы дегенді алға тартып, Ержан Жалбақұлы мектеп ұжымына «Аманат» атты кітапты сыйға тартты.
«Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназия – қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі әрі бірегейі. Ғасырға жуық тарихы бар киелі білім орда мінекей тағы да күміс қоңырауын соғып, шәкірттерін құшақ жая қарсы алуда. Дәл осы қара шаңырақта есімі елге танымал талантты тұлғалар білім алғаны баршамызға мәлім», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан БАБАҚҰМАРОВ.
«Былтыр мектебімізден түлеп ұшқан 104 оқушының 15-і «Алтын белгі» және 13 оқушы қызыл аттестат алды. Оқушыларымыздың саналы тәрбие алуда да, ұлттық құндылықтарда да игруде де талай жерден топ жарып келе жатқан оқушыларымыз көптен көп. Олар түрлі олимпиадалар, ғылыми жобалар мен халықаралық сайыстардан топ жарып жүр», – деді Ш.Уәлиханов атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы ЖАНАТ БЕКЖАНОВА
95 жылдық тарихы бар аталған қарашаңырақта елге елеулі үлес қосқан тұлғалар білім нәрімен сусындаған. Соның ішінде күміс көмей әнші Күләш Бәйсейітова, суретші Әбілхан Қастеев, Шара Жиенқұлова, Нұрғиса Тілендиев және тағы басқа қоғам қайраткерлері мен мемлекет майталмандары оқыған.