Алматыда дарынды балаларды анықтайтын және қолдайтын орталық ашылады

27.08.2020 17:17

Әкімнің тапсырмасы бойынша балаларды қолдауға, олардың таланттары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда

market.yandex.kz

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен, Алматының білім беру саласының қызметкерлерінің «Алматының білім беру болашағы: жаңа кезеңдегі  перспективалық шешімдер» Форумы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

2019-2020 оқу жылында карантин режиміне қарамастан,  алматылық оқушылар әртүрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен конкурстардан 28 алтын, 75 күміс, 96 қола медаль жеңіп алды. Әкімнің тапсырмасы бойынша балаларды қолдауға, олардың таланттары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.

Форум барысында Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева,  Алматыда дарынды балалар мен талантты жастарды анықтайтын, қолдайтын  "Алматы дарыны" орталығы құрылатынын хабарлады.

«Жаңа оқу жылында "Алматы дарыны" орталығы өз жұмысын бастайды. Орталық қызметінің бағыты – Өңірлік бағдарламасын іске асыру жұмысы жандандырылады», — деп атап өтті Л. Жылқыбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, қашықтан жұмыс істеу жағдайында балаларға шығармашылық жағынан өзін-өзі дамытуға мүмкіндік  беріледі. Осыған байланысты қосымша білім беру ұйымдарының қызметіне, тәрбиелік маңызы бар онлайн іс-шараларды өткізуге көп көңіл бөлінеді.

«Жаңа оқу жылында күшейтілген тәрбие жұмысына, оның сапасы мен тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді», — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Үкімет басшылары  мен әкімдер  мұндай балаларға, үйірмелерге, орталықтар мен жазғы лагерьлерге баруға мүмкіндік беруі тиіс.