Шымкенттік оқушы қыз бірден 20 шетелдік ЖОО-дан шақырту алған

02.05.2019 17:19

Әзірге ол Бостондағы «Hult International Business School» оқу орнын таңдап отыр

иллюстративное фото


Шымкент қаласының ФМБ НЗМ түлегі Сымбат Көшерова Австралия, Канада, Франция, АҚШ пен Корея және Швейцария мемлекеттерінің 20 университетінен шақырту алды. Болашағын бизнес және экономика саласымен байланыстыруды жоспарлаған оның таңдау жасай алмай басы қатуда, деп хабарлайды Zakon.kz.


   «Шынымды айтсам, бала кезгі арманым архитектор болу еді. Бірақ, 2016 жылдың жазында мен бір ай бойы АҚШ-та «Робототехника және Менеджмент» атты арнайы курсқа қатыстым. Сонда мен өзімнің экономика саласына қызығушылығымның бар екендігін түсініп, осы бағытта терең зерттеумен айналыса бастадым. Негізі менің анам да эконмист. Сол себепті де осы саланы таңдаған шығармын», - дейді Сымбат.

Зияткер студент түрлі республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, «Алтын белгі» үміткері. Сонымен қатар, ол 2015-2016 оқу жылының «Үздік жыл оқушысы» атанған.

Шетелдіктердің шақыртуына НЗМ түлегі әлі жауап берген жоқ. Бірақ, ол Бостондағы «Hult International Business School» оқу орнын таңдасам деп отыр.


   «Әрине, кез келген оқушы шет елде білім алсам деп армандайды. Мен де солардың бірі едім. Талпыныс пен зор еңбектің арқасында мақсатыма жетіп отырмын. Шетелдік оқытушылар ата-анама хабарласып, сүйінші жаңалықты жеткізді. Тіпті, Бостондағы ЖОО-ның ректоры әкеме жазған хатында мені шет мемлекетке оқуға жіберу туралы өтінген және әкемді үш қыздың әкесі ретінде түсінетіндігі жайлы да жазды», – дейді Сымбат Көшерова.

Айта кету керек, күні кеше ғана 18-ге толған ол шетелдіктермен өткен «Сұхбаттасу» кезеңінде әкесі өзге мемлекетке жібермеуі мүмкін екендігін атап өткен болатын. Бұл ақпаратты ескерген олар, арнайы Серік Көшеровке Бостондағы ЖОО туралы толық ақпарат жіберген.

Үздік ЖОО-нан шақырту алған Сымбат сынақтың «SAT Reasoning» кезеңінде 1600 ұпайдың 1580-не қол жеткізген. Ал IELTS көрсеткішінде 9 балдың 7,5 ұпайын жинады.

Сонымен қатар, Сымбат Көшерова Назарбаев университетінің NUFYP арнайы тестілеуінен жоғары ұпай еншілеп, аталған оқу орнының «Direct Admission» бағдарламасы бойынша тегін білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.