Ұлттық құрама қоржынында 8 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар
Қазақстандық оқушылар Дүниежүзілік гимназиадада 14 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Өткен аптада біз 250-ге жуық оқушымызды әуежайға барып Францияға шығарып салдық. Олар алғаш рет Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, әлемнің 70-ке жуық елінен келген құрдастарымен бақ сынасып жатыр.
Жарыстың алғашқы 3 күнінде оқушыларымыз 14 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 8 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Дзюдо, таеквондо және жүзу жарыстарына қатысушылар алтын, жеңіл атлеттер мен дзюдошылар күміс, сондай-ақ дзюдошылар мен таэквондошылар қола жүлдегер атанды», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Министр барлық жеңімпазды лайықты жеңістерімен құттықтай отырып, әр медальдың еңбектің, табандылықтың, еңбекқорлық пен тәртіптің жемісі екенін атап өтті.
«Жақсы дайындық деңгейін көрсеткен мұғалімдеріңіз бен жаттықтырушыларыңызға, сондай-ақ қолдау көрсеткен ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Әуежайдан шығарып салғанда сіздердің ұмтылыстарыңызды, талпыныстарыңызды байқадым. Алдағы ойындарда жеңістер тілеймін және туған жерде сіздерді асыға күтіп, барлығы жанкүйер болып отырғанын ұмытпаңыздар», - деді А. Аймағамбетов.
Ведомство басшысы Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта да Қазақстанды халықаралық деңгейде абыроймен таныту үшін оқушыларға жағдай жасауды жалғастыратынын айтты.