Биыл қыркүйектен бастап 1-сынып оқушылары ағылшын тілін оқымайды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл жаңа оқу жылынан бастап ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап оқытылатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін министр отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында ағылшын тілін 1-сыныптан емес, 3-сыныптап бастап енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.
"Біз биыл бірінші қыркүйектен, яғни жаңа оқу жылынан бастап осы өзгерісті енгізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірінші сыныпта оқушылар өз ана тілін меңгеріп алуы керек. Қазақ тілінде оқып, жазуға дағдыланғаннан кейін, 2-сыныпта орыс тілін үйрену әлдеқайда жеңіл болады. Ал үшінші сыныпта ағылшын тілін оқу да жеңілдейді",- деді Аймағамбетов Үкімет кулуарында.
Айтуынша, қазіргі таңда 1-сыныпқа келген 6 жасар бүлдіршін үш тілді қатар алып жүруге тиіс. Яғни үш бірдей әліппесі бар деген сөз.
"Бізде ұйғыр және тағы басқа ұлттық мектептер бар екенін білесіздер. Ол мектептерде тіпті төрт тіл оқитын. Біз алдыңғы жылы осы мектептер үшін бір тілді азайттық. Енді биылдан бастап қазақ тілінде оқитын балалар үшін де дәл осындай өзгеріс енгізіліп жатыр. Яғни ең басты міндет ана тілін игеріп алу",- деп түсіндірді министр.
Айтуынша, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқыту әдістемеге байланысты байланысты. Министр бұл шешімнен басқа астар іздемеуге шақырды. Шешім арнайы ғылыми негіздеме негізінде қабылданған.
Аймағамбетов оқулықтарды биыл жаңартудың ешқандай қиындығы да қажеттілігі де жоқ екенін мәлімдеді.
Дереккөз: Sputnik