Елімізде мектеп каникулы қысқара ма

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп каникулын қысқарту туралы кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бұл тұрғыда өзінің жақсы және теріс жақтары да бар. Осы орайда наразылық білдіргендердің де уәжін түсініп отырмыз. Сондықтан бұл мәселеде үнемі ғылыми қадамдарға сүйену керек. Тек министрліктің немесе білім беру басқармасының, мұғалімнің немесе ата-ананың көзқарасына ғана қарауға болмайды», - деді А. Аймағамбетов Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Оның сөзіне қарағанда, аталған ұсынысқа қатысты бәрінен бұрын білім беру тиімділігі назарға алынуы керек. 

«Біз алдымен ғылыми тұрғыдан қарауымыз керек, яғни бала үшін оның тиімділігі қалай болатынын ескерген маңызды. Егер баланың өзіне қатысты, болашағы мен тиімділігіне қарайтын болсақ, бұл ретте басқа да қадамдарды зерделеу қажет. Бұл мәселені ғылыми, психология, әдіснама тұрғысынан назарға алсақ, біз қазір зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осының нәтижесін қоғамға жариялаймыз. Оған дейін бұл мәселені әріптестермен егжей-тегжейлі талқылаймыз. Аталған тақырып кабинетте ғана талқыланбайды», - деді министр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев Қазақстанда мектеп каникулын қысқартуды және осының есебінен оқу жылын ұзартуды ұсынды.

Новости партнеров