7 баланың анасына Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілді
Түркістан облысы Сарыағаш елдімекенінің тұрғыны, жеті баланың анасы Нағима Жарментаева елімізде ұйымдастырылған кітап оқу байқауынан баспана ұтып алды. Бір бөлмелі пәтер Нұр-Сұлтанда орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Кәсіпкер Сырымбек Таудың демеушілігімен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Дария» дамыту орталығы ұйымдастырған «Тұлға болам» зияткерлік бәйгесінде әр жас санатына қарай үш кезеңде кітап оқу міндеттеліп, iPhone 12 сияқты бағалы сыйлықтар ұтысқа тігілді. Екінші мәрте ұйымдастырылған байқауға 100 858 адам қатысып, 6 мен 85 жас орталығындағы оқырмандар үш айда 15 кітап оқып шықты.
«Рақмет, өте қуаныштымын. Барлығыңыз бақытты, баспаналы болыңыздар!» – деп көңілі босап, телефон тұтқасын қоя салған Нағима Жарментаева байқауда ересектер арасында оқылған «Қызыл жебе» романының бес томын да оқып тауысқаны белгілі болды.
«Біздің мақсатымыз жұртқа кітап оқытып, жақсылыққа шақыру еді», – деген кәсіпкердің өзі қазақстандықтардан әрі қарай да кітап оқуды үзбеуді сұрады.