Мектептерде жаңажылдық ертеңгіліктерге рұқсат беріле ме – министр жауабы

02.12.2021 23:46

Бір сыныптың ішінде мерекені өткізу туралы шешім мектеп әкімшілігі деңгейінде қабылданады

inform.kz

Еліміздегі мектептерде жаңажылдық кештерді өткізуге рұқсат етілмейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, мұндай қатаң шара еліміздің бас санитар дәрігерінің балалар арасында вирустың таралмауын қамтамасыз ету бойынша қабылдаған қаулысына сәйкес енгізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа жыл мерекесін балалардың асыға күтетіні белгілі. Бірақ пандемия кесірінен бұл жылы да оқушылар жаңажылдық шыршаны айнала билеп, көңіл көтере алмайтын болды. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі жеткіншектер арасында вирус қайта өршіп кете ме деп алаңдап отыр. Сәйкесінше, Білім және ғылым министрілігі де бұл шешімді қолдады. Дегенмен ведомство мерекеге байланысты жеке сынып бөлмелерінде ертеңгіліктер мен сынып сағаттарын өткізуге болады дейді. Бірақ бұл да мектеп басшылығының шешіміне байланысты.  

«Қазіргі уақытта әртүрлі бұқаралық іс-шаралар мектептерде өткізілмейді. Оларға тыйым салды. Өздеріңіз білесіздер, мектептегі балалар бір сыныпта отыруы керек. Үзілістер әртүрлі уақытта жүргізілуі керек. Тиісті маска кию тәртібі де міндеттелді бас санитар дәрігер тарапынан. Сондықтан біз заңға байланысты осы бас санитар дәрігердің шешімдерінің шеңберінде жұмыс істейміз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бірақ Үкімет бұл шешімнің «омикрон» штамына қатысы жоқ дейді. Қазір елде «қауіпті» деп танылған бұл штамм тіркелген жоқ. Отандық мамандар жаңа вирус жеңіл формада өтеді дейді. Оның симптомдары – құрғақ жөтел, тамақ пен құлақтың ауыруы, әлсіздік екен. Алайда «Дельта» секілді жылдам жұққыш қасиеті бар. Тіпті қазір елге еніп үлгерді деген болжам да айтылып жүр. Қазір елде вирустың бар-жоғы анықталып жатыр.  

«Алдындағы уханьдық штамның Германиядан келіп, бізде таралып кеткенін көрдік. Сондықтан міндетті түрде мына Африка мемлекеттерімен байланысты үзу «омикрон» штамын таратуға бөгет болады деп сеніммен айтуға болмайды. «Омикрон» штамы біздің республикада қатар тарап кетуі мүмкін. Қолда бар ПТР-тестілер сол штамды анықтай алады деген ақпарат бар», – деді Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия орталығының меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.

Иә, «сақтықта қорлық жоқ». Бүгінде ғалымдар «омикрон» штамының қатты өзгеріске ұшырағанын мәлімдеп отыр. Ал ковидтің бұлай мутациялануына ең қолайлы орта иммун тапшылығымен ауыратын немесе әлсіз адамның ағзасы екен. Яғни, антидене неғұрлым аз болса, вирус барынша күшейе түседі.  

«Мутация иммундық жүйе әлсіреген уақытта пайда болады. Яғни, вирус ұзақ уақыт бойы антиденемен күресу кезінде үздіксіз өзгеріп отырады. Соның нәтижесінде қатты мутацияланады. Қазір бұл «омикрон» штамының 30 өзгерісі біз вакцина жасап отырған спайк ақуызында пайда болған», – деді жоғары санатты педиатр дәрігер Евгений Комаровский.

Дегенмен АҚШ билігі бұл жағдайға қатты алаңдаудың қажеті жоқ дейді. Бүгін «омикрон» штамы ол елде 1 адамнан анықталды. Алайда науқас екпе алған екен, қазір вирус белгілері жеңіл формада өтуде. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық мемлекеттерге карантин шараларын қатаңдатуды сұрап отыр. Осыған байланысты еліміз ертеңнен бастап Мысырмен әуе байланысын тоқтатады. Одан бөлек, «омикрон» штамы анықталған елдердің азаматтарына Қазақстанға кіруге рұқсат етілмейді.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы