|
02.10.2020 | 23:33
2576

Бақытжан Сағынтаев «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазына пәтер кілтін табыстады

Қала әкімі мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады

Бақытжан Сағынтаев «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазына пәтер кілтін табыстады @almaty_akimat

Бүгін Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ұстаздар қауымымен кездесіп, мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шара барысында «Жыл мұғалімі» қалалық байқауының бас жүлдегеріне екі бөлмелі пәтер кілті, ал 1-орынды жеңіп алған ұстазға жеңіл автокөлік кілті табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ «Алматы қаласы әкімінің арнайы гранты» қалалық байқауы мен «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды. Осы ретте қала басшысы Бақытжан Сағынтаев ұстаздардың ең мәртебелі миссиясы - өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беру екенін атап өтті.

 «Қаламыздың барша ұстаздар қауымын келе жатқан төл мерекелеріңіз Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

 Ұстаз – ұлы есім. Олай болса, өзінің ісімен, өзінің сөзімен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтардың тәлімгері мына отырған сіздерсіздер! Өйткені мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне  құлаш жайған кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі білім жүйесін дамыту шаралары, білім берудің жаңа мекемелерін салу, жас мамандарға қолдау көрсету мәселелерін тілге тиек етті. Биыл жас мұғалімдердің материалдық жағдайына ерекше көңіл бөлініп, бір реттік төлем беру практикасы жалғаса түсетін болады. Қазан айында жалпы сомасы 27 млн теңгеден асатын төлемді 549 жас мұғалім алған. «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы арқылы деңілдетілген несиемен 187 жас маман баспаналы болды. Шаһар бойынша 32 мыңнан астам педагог болса соның 500-ден астамы жас мамандар.

 «Ұстаздар қауымына деген осындай құрмет, қолдау бізге үлкен септігін тигізеді. Осы байқауға қатысу арқылы өздерінің білімін шыңдайды, шабыттандырады, шығармашылық ісін ары қарай дамыта алады. Бұл үлкен бір көмек болды деп ойлаймын», – деді «Жыл мұғалімі» қалалық байқауының бас жүлдегері, №133 мектеп мұғалімі Мақпал Шүкеева.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир