Сондай-ақ алдағы жаңа оқу жылында магистратураға 13 мың, ал докторантураға 2312 грант бөлініп отыр
Биыл жоғары оқу орнының бакалавриатына 53 мың грант бөлініп отыр. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге 117 мың түлек қатыспақ. Тегін оқу мүмкіндігі көбіне техникалық мамандыққа беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміз бойынша биыл ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетін 117 мың түлекке бөлінетін грант саны үкіметте тағы талқыланды. Осы тұста ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ең әуелі тестілеуге кірер алдында оқушыларды тінтетін құзырлы органдағылар тәртіпке сай жұмыс жүргізуі тиіс екенін қадап айтты.
Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болса, облыс пен қала әкімдеріне бітіруші түлектің білімін ҰБТ-да алған балымен есептеп, сол арқылы мектептердің өзара жарысып, рейтингтің соңына түсуді доғару керек екенін алға тартты.
«Қазіргі таңда ҰБТ – түлектердің жоғарғы оқу орындарына өз еркімен түсуге тапсыратын емтиханы болғандықтан, осы нәтижелерді рейтинг жасауға пайдалану дұрыс емес», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Үкіметтегі жиыннан кейін министр А. Аймағамбетов бөлек басқосу өткізді. Ол онда бакалавриатқа тапсыратын түлектерге биыл 50 мыңнан астам грант бөлінетінін айтты. Сондай-ақ тегін білім алу мүмкіндігі магистратура мен докторантураға түсетіндерге де беріледі. Бірақ оған бөлінетін грант саны былтырғыдан артық болмайды. Ақысыз білім алудың басым бөлігі техникалық мамандықтарға қарастырылған. Министр өз кезегінде гуманитарлық салада дефектологтарды оқытудың тегін болатынына ерекше тоқталды.
«Биыл мектеп бітіруші түлектерге 53 мың 785 грант бөлініп жатыр. Бұл – бакалавриат деңгейіне. Магистратураға алдыңғы жылы 13 мыңнан астам грант бөлінді. Осы көлем биыл да сақталады. Ал, докторантураға 2312 грант бөлініп отыр. Былтыр мен алдыңғы жылғы секілді биыл да гранттар техникалық мамандарға көбірек берілуде», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Сондай-ақ министр ведомстводағы жемқорлықты жою үшін жобалық кеңсе ашылатынын мәлімдеді. Ақпараттық сала мамандары мен азаматтық қоғам мүшелерінен құрылатын арнайы топ бармақ басты, көз қыстымен өтіп кететін «пысықайлардың» жолын байлауға бағытталады.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жеті бұрын экс вице-министр Эльмира Суханбердиеваны қазіргі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алды деген күдікпен екі айға қамауға алған болатын. Ал оның алдында Ұлттық тестілеу орталығы басшысының міндетін атқарған Рамазан Әлімқұлов қолға түскен еді. Оған 9 миллион теңгенің «Тойота-Камри» автокөлігін пара ретінде алды деген айып тағылды.