Түркістан облысында сөйлемді ежелеп оқитын мұғалім жұмыс істеген

05.05.2021 17:59

Аудандық білім бөліміндегілер мектептегі педагогтарға қатысты барлық жауапкершілік директорға жүктелгенін айтты

matritca.kz

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде орыс тілі пәнін өзі ежелеп оқитын мұғалім балаларға сабақ беріп келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі matritca.kz-ке сілтеме жасап.

Ынтымақ ауылындағы Садриддин Айни атындағы №1 мектепте жұмыс істейтін мұғалім тестілеу барысында шекті балға әрең қол жеткізген. Сөйлемді әрең оқитын адамның балаларға қалай сабақ беріп жүргенін анықтау үшін журналистер мектепке барды. Бірақ жұмыс уақтысында директор орнында болмай шықты. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының айтуынша, ол отбасындағы жағдаймен байланысты шығып кетіпті. Ал сөйлемді ежелеп оқитын орыс тілі пәнінің мұғалімі 1 наурызға дейін балаларды оқытып келген, бүгінде декреттік демалыста.

«Мұғалім директордың қызы ма?»,  деген сауалға директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары «Иә»,   деп жауап қатты.

Аудандық білім бөліміндегілер мектептегі педагогтарға қатысты барлық жауапкершілік директорға жүктелгенін айтты. Мұғалімді жұмысқа алу не алмау жөнінде шешімді директордың өзі ғана қабылдайды екен.

«Егер де мектепте бос жұмыс орны болса, ол жөнінде хабарлама порталда жариялануға тиіс. Тек осыдан кейін ниет білдіргендер арыз жазып, тестілеуден өтуіне болады. Ал сынақтан өтпесе, келесі жолы келіп тапсыруға мүмкіндік бар. Сынақтан өткен талап берушімен сұхбат жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша арнайы комиссия мүшелері мұғалімді жұмысқа алу, не алмау жөнінде шешім қабылдайды»,   деп түсіндірді Сарыағаш аудандық адам әлеуетін дамыту бөлімінің бас маманы Закир Тұрсынбаев.

Бұл комиссияның төрағасы – мектеп директоры, ал комиссия мүшелерінің қатарында қоғам белсенділері, ата-аналар комитетінің өкілдері және БАҚ мамандары бар.

Белгілі болғаны, сынақты біліктілігі күмән тудырған мұғалім әрең дегенде тапсырып, шекті 50 балды жинаған екен. Бірақ бұл тұста ол балды қалай жинағанына қатысты да сауал жеткілікті. Жауаптылар «мұғалімнің орыс тілі және әдебиет пәні мамандығы бойынша жоғары білімі бар» деп сендірді. Ал тиісті құжатты жұмыс күнінің соңына дейін көрсетеміз деді.

Ең қызығы, мұғалімнің сабағына аудандық білім бөлімінің мамандары қатысып, деңгейін тексерген. Мұғалімнің біліктілігін тексергендер мен бұл оқиғаға қатысты мектептегі жауаптылар туралы мәлімет Түркістан облыстық адам әлеуетін дамыту басқармасына жолданды.