Биыл Алматыда 1-сыныпқа 30 мыңға жуық бала қабылданды. Жаңа оқу жылында 287 білім беру ұйымы жұмысын бастайды. Демек 300 мың оқушы дәстүрлі форматта білім алады. Осылай деген қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Әуесханқызы ұстаздар қауымының 100 пайыз екпе алғанын мәлімдеді. Бүгінде әкімшілік қызметкерлерді қоса алғанда, білім беру ұйымдарында 36 мың 845 қызметкер жұмыс істейтін болса, соның 32 мың 126-сы вакцина салғызыпты. Қалған 4 мың 719 медициналық қарсылығы бар қызметкер екен. Дәстүрлі оқыту форматына көшуге белсенді түрде дайындық жүріп жатқанын хабарлаған ол, барлық білім беру ұйымдарының «Ашық» жобасының қатысушысы болып табылатынын айтты. Ал оқушы ауырып қалған жағдайда, сынып онлайн оқытылатын болады.
«Оқушы ауырған жағдайда сынып қашықтан оқытуға жіберіледі. Науқаспен байланыста болған ата-аналардың балалары қашықтан білім алады. Және білім беру ұйымдарына бөгде адамдарға кіруге, уақытша бұқаралық іс-шаралардың өтуіне тыйым салынады. 1-сыныпқа бір кабинет бекітілетін болады. Мектепке кіру кезінде бастауыш, орта және жоғарғы буын балалары үшін жеке кіру есіктері қамтамасыз етілетін болады», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Л. Жылқыбаева
Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын бір пысықтап өткен басқарма басшысы сондай-ақ, 1 қыркүйек, білім күні мектеп аумағында тек 1-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылатынын жеткізді. Қалғандары үшін бекітілген кабинеттерде сынып сағаттары өткізілмек. Ал мектеп формасына қатысты талап бәріне бір. Жеке білім беру ұйымдары балаларды мектеп формасын киюге мәжбүрлей алмайды. Биыл оқу жылында оқушылар классикалық стилдегі ыңғайлы киіммен келсе болғаны деді басқарма басшысы. Одан бөлек, мектеп құрылысы жұмысының барысынан да хабардар етті.
«Қалада 12 мың 600 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізілуде. Және 8 мың 263 орындық 17 мектепте қосымша ғимараттардың құрылысы жүруде. Соның ішінде 1 қыркүйекте 9 қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, 4 мың орын қамтамасыз етіледі. Ал қалған құрылыс жұмыстары ағымдағы жыл бойы іске асырылып отырады», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Л. Жылқыбаева.