Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша талапкерлердің 76 пайызы қазақ тілінде тест тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Ғылым және жоғары біліім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«5 шілде күні негізгі ҰБТ аяқталды. ҰБТ биыл да 43 тестілеу орталығында «1 компьютер-2 камера-1 талапкер» қағидаты бойынша электронды форматта өтті. Биыл да ҰБТ тапсыруға 2 рет мүмкіндік берілді. Екі мүмкіндікте де талапкерлер бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдады», – деді ведомство өкілі.
Оның айтуынша, жалпы негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін 290 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 160 мыңы бірінші мүмкіндікті, 130 мыңы екінші мүмкіндікті пайдаланған.
«ҰБТ қорытындысы бойынша 154 мың талапкер 2 мүмкіндікті де есептегенде 276 мың рет тест тапсырды. Тесті тапсыру тіліне келсек, түлектердің 76 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 213 бала ағылшын тілінде білімдерін сынады. Тестілеу 5 пән бойынша жүргізілді. Жалпы сұрақтардың саны – 120. Тестілеу ұзақтығы 4 сағат немесе 240 миунтқа созылды», – деді Гүлжан Жарасова.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 322 түлектің нәтижесі жойылды. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев 322 түлектің нәтижесі жойылғанын айтты. Тестілеу ережесін бұзу 4 есе азайған. Мәселен, былтыр 756 түлек тыйым салынған затты алып өтуге тырысса, биыл 327 жағдай тіркеліпті
«Қабылданған шаралар арқасында қаңтар, наурыз және негізгі ҰБТ қорытындылары бойынша бөгде адамдарды кіргізуге тырысудың тек бір фактісі ғана тіркелді. ҰБТ-ның үшінші аптасында түлек өзінің орнына ағасын жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі оның бөгде адам екенін анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Биыл ҰБТ бойынша орташа көрсеткіш 65 балл болған. Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан астам талапкер шекті ұпай жинаған. Бұл қатысушылардың жалпы санының 67%-ы. Ал 51 мыңға жуығы шекті ұпай жинай алмай қалған.