Биыл шетелдіктерге арналған квота – 23 мың орын
«Россотрудничество» федеральды агенттігі ТМД талапкерлері үшін оқуға қабылдау науқанын ұзартты. Бакалавриат, специалитет, магистратура, ординатура мен аспирантура бағдарламалары бойынша ресейлік жоғары оқу орындарында тегін оқуға құжат 25 қарашаға дейін қабылданады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін агенттік шетелдіктерді іріктеу 1 қарашаға дейін созылатынын мәлімдеді. Алайда пандемия кезіндегі қиындықтарды ескеріп, «Россотрудничество» қабылдауды бір айға жуық мерзімге ұзартты, деп түсіндірді агенттік басшысының орынбасары Павел Шевцов.
«Квота алуға өтінімді онлайн, education-in-russia.com сайтында беруге болады. Бір жағынан бұл ыңғайлы, әсіресе карантиндік шектеулер кезінде. Құжат тапсыру үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Бірақ кейбір өңірлерде интернет нашар, ал форманы онлайн толтыру керек. Талапкерлер барлығын асықпай рәсімдеу үшін агенттік оларға тағы бір мүмкіндік берді», – деді Шевцов.
2022/2023 оқу жылында квота 23 мың орынды құрайды. Агенттік ТМД-ға мүше елдерге басымдық беріп отыр. Бұған дейін «Россотрудничество» басшысы Евгений Примаков мәлімдегендей, өткен жолғы қабылдау нәтижесі бойынша 80 мың өтінімнің 30%-і дәл сол таяу шет елдерден түскен.
Қабылдау аяқталмағандықтан, жаңа оқу жылына нақты қанша өтінім түскені әзірге белгісіз. Алайда «Россотрудничество» өтінім жиі түсетін елдерді атады.
«Егер ТМД жайлы айтсақ, онда өтінім саны жағынан бірінші орында Тәжікстан, екінші орында – Түрікменстан, ал үшінші орында Қазақстан тұр», – деді Павел Шевцов.
Көшбасшы елдер бестігіне Беларусь пен Өзбекстан кірді. ТМД талапкерлері, негізінен, бакалавриат бағдарламасы бойынша тегін оқуға өтінім берген.