Ауыл мектебін жаңғырту жұмысы қолға алынды
Қасым-Жомарт Тоқаев қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою туралы айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент педагогтер съезінде ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екенін қоса кетті. Бұған қажет құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр.
- Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта түрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сонымен қатар қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды, - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады.
- Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмысы қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылда кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет, - деді Тоқаев.
Ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мәселесіне де мән берген жөн деді президент. Кітапханада қажет кітаптың бәрі болуы керек, яғни әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуға тиіс.
- Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту керек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар, - деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады