Тамыз кеңесі: Тоқаев ұстаздардың жалақысын екі есе өсіруді тапсырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жиында елімізде биыл және келер жылы 50-ге жуық мектеп бой көтеретіні айтылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Тамыз конференциясында Үкіметке осындай тапсырма берді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Жалпы Педагог мәртебесін жоғарылатып, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасы мен заман ағымына сай инфрақұрылым мен материалдық қор жасақтау қажет деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Білім және ғылым. Биылғы тамыз конференциясы дәл осындай ұранмен өтті. Оған қатысу үшін 2 мыңнан астам ұстаз келген. Тамыз кеңесінде олар өздерін толғандырған мәселелерін атап, сауалдарына жауап алғысы келді. Республикалық маңызды шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Шара басында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздар сөз сөйледі. Олар оқушыларға қосымша білім беру, үйірмелерге қатыстыру, ата-аналар қауымдастығын құруды ұсынды. Бұдан бөлек, білім саласындағы басты түйткілге тоқталды.  

«Ұстаз жалақысы еліміз бойынша ең төменгі жалақы. Балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы да оңып тұрған жоқ. Тәрбиешілердің жалақысы ең ары кеткенде 76 мың теңге. Жыл сайын мыңдаған түлек педагогикалық мамандықтар бойынша оқу тәмәмдайды. Алайда, балабақша мен мектептерге баратыны саусақпен санарлық», – деді Петропавл қаласы № 1 гимназия мектебінің ұстазы Анжелика КАЧКИНА.

Салтанатты жиында сөз алған Президент, ең алдымен білім және ғылым қызметкерлеріне шынайы ықыласын білдірді. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің аса жауапкершілікті іс екенін ерекше атап өтті. «Сондықтан мұғалімдер еңбегін лайықты бағалау – міндет», деп қадап айтты Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың қазіргі еңбекақысына көңілі толмайтынын жеткізді. Осы ретте Үкіметке тиісті тапсырма жүктеді.  

«Бүгінде мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есе арттыруды тапсырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Бұдан бөлек, барлық педагогтардың еңбек демалысы 56 күнге дейін көбейеді. Жалпы ұстаздардың мәртебесін көтеруді қамтамасыз ету маңызды екенін ерекше атады. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктердің ұстаздарды білім беру саласына еш қатысы жоқ түрлі шараларға қатыстыру мәселесіне де тоқталды. Президенттің пікірінше, бұл білім беру сапасына теріс ықпал етеді. Бұдан бөлек, үш тілді білім беру, орта білім берудің әрі қарайғы стратегиясын жетілдіру, және ауыл мен қаладағы білім сапасын бірдей ету мәселелері қозғалды.  

«Білім беру сапасының бірыңғайлығын қамтамасыз ету қажет. Қала мен ауылдағы балалардың білім деңгейінде ешқандай айырмашылық болмауы тиіс. Білім берудің стандарттары бірдей болуы шарт. Барлық балалар өзінің тұрғылықты мекенжайына немесе ата-анасының әлеуметтік статусына қарамастан, сапалы білімге қолжеткізуі тиіс. Білім және ғылым министріне әлеуметтік аз қамтылған, немесе шалғай жатқан ауылдарда, күрделі әлеуметтік жағдайда жұмыс істеп жатқан мектеп оқушыларының академиялық кешеуілдеуін жеңу бойынша бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Оқытушылықта 30 жылдан астам тәжірибесі бар Роза Әшімбетова Тамыз кеңесіне жылда қатысады. Бірақ биылғы конференция бұрынғыдан өзгеше дейді.  

«Мені аса қуантқаны – Қасым-Жомарт Кемелұлының әр педагогтың тағдырын түсінгені. Өйткені педагог – ерекше адам. Әр адам ұстаздың алдынан өтеді. Сондықтан ұстаз әр адамның өмірінде ізін қалдырфп, оның адам болып қалыптасуына зор үлес қосады. Осыны түсінгені Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты көрсетті. Материалдық жағынан да, жұмыс ұйымдастыру жағынан да, беделі жайлы да ерекше айтылды», – деді «Өрлеу» АҚ БАҰО Павлодар облыстық филиалының директоры Роза ӘШІМБЕТОВА.

Тәуелсіздік сарайында өткен тамыз кеңесінде биыл және келер жылы 50-ге жуық мектеп бой көтеретіні мәлім болды. Анықталғаны, 7014 мектептің 128-і үш ауысымдық, ал 31-і апаттық жағдайда. Сондықтан жеке мектептерді салуға жеке-мемлекеттік серіктестік аясында инвесторларды тарту да көзделіп отыр.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров